Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

«Ойыншық алып кел!»...

AstanaTV
08.10.2016ж. 20:00
2518
«Ойыншық алып кел!»...

Амал жоқтықтан балаларын жекеменшік балабақшаға беретін ата-аналардың көбісі  «балаға дұрыс қарамайды, базасы нашар, қыл аяғы ойыншық аз, ілім-білімге үйреніп жүргені шамалы»,- дегенді айтады. Олар жекеменшік болса да, әлеуметтік маңызы жоғары мекеме болғандықтан талаптар мен нормативтердің сақталуы қадағаланады деп ойлаймыз ғой. Қадағаланбайды екен. Қызылорда мысалында Шарипа Сақтапова баяндайды.

 Бүгінгі күні кез келген тұлға мектепге дейінгі мекеме ашуға құқылы. Заңдастырылған  жері, үйі болып, заңды тұлға ретінде тіркелсе жеткілікті. Содан соң керекті құжаттарды жинап, қалалық білім бөліміне өткізу қажет. Әрине, ғимараттың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін және білім беруге жарамды екенін растайтын анықтамалар да қажет. Ыңғайлы жері мен үйі жоқтар ғимаратты жалға алып та балабақша кәсібін дөнгелетіп жатыр. Сондықтан шығар, ресми мәліметке сүйенсек, Қызылорда қаласында балаларды бақшамен қамту мәселесі түбегейлі шешілген. Ал 171 балабақшаның тек 26-сі ғана мемлекеттік. Қалғаны мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жасайтын жекеменшік балабақшалар. Тек олардың бәрі бірдей қойылған талаптарға сай емес. Құйтырқылық ақпардан басталады. Мысалы, келетін баланың санын арттырып көрсету бар. Әрбір бала басына республикалық бюджеттен берілетін қаражат 24 мың 390 теңгені құрайды. Ол қызметкерлердің жалақысына, олардың әлеуметтік салығына, мекеменің салығына, коммуналдық өтемақыларына бөлінеді. Баланын арқасында пайдаға кенелуді көздеген 64 балабақша анықталған.

Асқар Есжанов,  Қызылорда қалалық білім беру бөлімінің басшысы:

Кейбір балабақшаларда бала болмау фактілері орын алған. Мәселен, 100 балаға ашса ішінде 60 бала, 70 бала отырған мәселелер болған. Біз 2015 жылдың 16 қарашасымен кешегі маусым айына дейін 832 баланың мемлекеттік тапсырысын тоқтатып, бюджеттің 17 миллион қаржысын үнемдедік.

Ал жекеменшік балабақшаның ішінде не болып жатқанын қадағалауға білім беру бөлімінің құқығы жоқ. Кәсіпкер болғасын, араласа алмайды. Бүлдіршіндерге, мысалы, не үйретіп жатыр, барлық методикалар сақталуда ма, ас мәзірінде не бар – оның бәрі жұмбақ. Ата-ананың көнбеске амалы жоқ. Ақырында жүргені, қаладағы балабақшалардың барлығын аралап. Соның бірі Анар Шадиева. Көңілінен шыққан балабақшаны тапқанша, ұлдары Қызылорданың 2-3 балабақшасының машақатын көріпті. Беріп жатқан тәрбие де, талап та төмен деңгейде.

Анар Шадиева, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Көбісіне «бармаймың» деп жылайды үйде, сосың барған кезде баламыз жылап жатса да ешкім онша мән бермейді, сондай жағдайлар болды. Сосын ешнәрсе үйреніп келгенін байқамайтынбыз. Ата-аңа ретінде балабақшаға келгенде көніл-күйі жақсы болып келсе дейміз үйге, тамағы тоқ болса, сосың кауіпсіздігі, жеке әр балаға көңіл бөліп қараса дейміз ғой. 

 Бастауыш мектептің мұғалімі деген дипломын алған соң мына бойжеткен жұмысқа орналаса алмапты. Бүйырғаны жекеменшік балабақша болған. Бірақ бірнеше ай ғана шыдадым, дейді. Түйгені: өз баласын ешқашан жекеменшік балабақшаға бермеу.  

Көргенім, балаға деген мейірім жоқ, біріншіден. Бала дұрыстап тамақтанды ма, үстіндегі киімі ынғайлы ма, көніл-күйі дұрыс па - онымен ешкімнің шаруасы жоқ. Ата-анадан қабылдап алады да, әрі қарай жағалата отырғызып қояды, бірден оңға дейін санауды үйретеді - болды. Комиссия келеді деген кезде, үйіп басқа жақтан дайын балаларды әкеліп, солардың сабақтарын көрсетіп шығады. Тамақтары да нашар болды. Айлықты да уақытылы алмадық. Білетінімді барынша үйретуге тырыстым, бірақ керекті құралдар да болмады.

 Біздің көрген балабақшалардың көбісінің жағдайы осы. Жеке үйдің ішінен ашылған мекемеде алақандай бөлмелер, бүлдіршіндердің алдында ештеңе жоқ, бір адамдық әжетхана. Акт, спортзалдары мүлдем қарастырылмаған.

Зибагүл Оразова, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Балабақшаның материалдық-техникалық базасы өте төмен, жатын орындары, көрдім, ескіріп кеткен, тозып кеткен. Кілемдері ластанып кеткен. Ойыншық әкел дейді, 1100-ге бүгін азанда конструкторын әкеліп бердім, үш мың теңгеге құрал-жабдықтарын әкеліп бердім, одан бөлек. Қызмет сапасы да ұнап тұрған жоқ, айтып тұрмын ғой деңгейі төмен деп

Десе де үлгілі балабақша да жоқ емес. Соның бірі Қызылордада 2009 жылы ашылған мына балабақша. Алғашқы жекеменшік балабақша бүгінде ең озығы. 100 бүлдіршіннің 70-не мемлекеттік тапсырыс алып отыр. Ясли тобында 8 айлық сәбилер де бар. Балапандар қосымша ағылшын, орыс тілін меңгеріп, жақсы методикамен дәріс алады. Асханалары үлкен тойханалардікінен кем емес. Жақында екінші ғимараттан орыс топтарын ашу жоспарланыпты.

Жұлдызай Мұрзабаева, Қызылорда қаласының тұрғыны:

1 жас 8 айында балам келген кезде, Назерке деген қызым, сөйлеу де білмейтің. Қазір, Құдайға шүкір, сөйлейді, билейді, ән де айтады.

Сарқыт Тұрбаева, жекеменшік балабақша меңгерушісі:

Барлық методикалар қолдануда: Тәй-тәй бағдарламасымен де жұмыс жасаймыз, Монтессоримен де жұмыс жасаймыз және Фребельмен. Одан да бөлек хореографымыз, ағылшынымыз, музыка жетекшісі жұмыс жасайды. Би үйірмесі, бейнелеу студиясы. Әр-бір бала – талант. Сол балалардың жұлдыз боп жануына жағдай жасап жатырмыз.

 Жекеменшік балабақша мемлекеттік балабақшадан артық тәлім-тәрбие бере ме, мархабат. Тек мемлекеттік стандарттар мен талаптар орындалуы тиіс. «Бастысы табыс табу» деп ойлап, соған сәйкес қызмет көрсететін, дәлірегі - көрсетпейтін жекеменшік балабақшаларды кәсіпкерлік нысаны деп қарап, оларды қадағалауға жол бермейтін заңды өзгертетін уақыт жетті. Себебі оларда кәмпит немесе тоқаш, әйтеуір бір тауар дайындалмайды. Оларда болашақта қандай адам болатыны анықталатын жастағы балалар жүр...

Шарипа Сақтапова, Қайрат Рабаев, «Біздің уақыт».