Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

"Астана халықаралық форумында оңтайлы шешім қабылданады", - Президент

AstanaTV
08.06.2023ж. 14:17
1079
"Астана халықаралық форумында оңтайлы шешім қабылданады", - Президент

Астана халықаралық форумында ортақ проблеманы шешу мақсатында тиісті диалог алаңы ұсынылып отыр. Бұл туралы аталған форумның пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Президенттің айтуынша, әлемдегі климаттық жағдайға байланысты мемлекеттер бұл бағытта мәселелерді бірлесіп шешуі керек. Осы орайда жұмыла жұмыс істегендер табысқа жетеді. Бұл тұрғыда Біріккен Ұлттар Ұйымының ұстанымы мен құндылықтары бұл проблемамен күресудің ең тиімді жолы саналады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумының ұстанымы да осы құндылықтарды қамтып тұрғанын, осы орайда ортақ проблеманы шешу мақсатында диалог пен ынтымақтыстықты ілгерілету, сондай-ақ дамуға бағыт-бағдар беру қамтамасыз етілетінін жеткізді.

«Мен оптимистік көзқараспен алдағы екі күнде өтетін конструктивті талқылау бізді оңтайлы шешім қабылдауға және алдағы уақытта әріптестікке бағыттайтынына сенім білдіремін. Сөз соңында маған мына жайтты еске салуға рұқсат етіңіздер. Мазмұнды әңгіме мен серіктестікке жол ашу үшін ашықтық, шыдамдылық және бірлік ауадай қажет. Мен осы форумға және әрқайсыңызға сәттілік тілеймін. Баршаңызға бүгін біздің қатарымызға қосылғандарыңыз үшін тағы да алғыс айтамын. Талқылаулар сіздер үшін табысты болуына тілектестік білдіремін», - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордадағы Конгресс орталықта Астана халықаралық форумы жұмысын бастады.

Форум климаттың өзгеруіне, азық-түлік тапшылығына және энергетикалық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді шешу жолдарын қарастыру мақсатында шетел үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен ғылыми ортаның жоғары лауазымды делегаттарының диалогіне арналған алаң болмақ.