Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Құрбан айтта шалынған малдың қанын баланың маңдайына жағу қандай ырым?

AstanaTV
08.06.2023ж. 16:49
1548
Құрбан айтта шалынған малдың қанын баланың маңдайына жағу қандай ырым?

Мұсылмандар арасында қасиетті мереке қарсаңында мал сойып, құрбан шалады. Осындай маңызды күннің бірі - Құрбан айт. Бұл күн Ораза айттан кейін 70 күннен соң басталып, үш күнге дейін созылады. Әдетте құрбандыққа шалынатын малға қой, ешкі, сиыр, түйе секілді ұсақ және кіші малдар таңдалады. Бұл орайда малда қандай да бір кінәрат болса, оны құрбандыққа шалуға болмайды. Халық арасында құрбан айтқа қатысты түрлі ырым-тыйым сақталған. Соның бірі - құрбандыққа шалынатын малдың жылы қанын ер баланың маңдайына жағу ырымы. Massaget.kz осы ырымның мәнін анықтап көрді.

Бұл ырым қай өңірлерде сақталған?

Қызылорда өңірінің тумасы жалғыз ұлының атынан аман жүрсін, жылдан жылға аман-есен жетсін деген ырыммен жыл сайын құрбандыққа мал соятындарын айтты.

"Бұрын үйдегі үлкендерден естуіміз бар еді. Сол ырымды сақтап келеміз. Құрбандықтың тамағын орып жібергендегі жылы қаны болады ғой, соны бірден жағады, кейін етін таратып жібереміз", - дейді ол.

Ал Атырау өңірінің тұрғыны құрбандыққа шалынған малдың қанын жағу ырымы кездеспейтінін, алайда сойылған малдың еті түгелдей таратылатынын жеткізді. Тіпті кейде жеті үй шақырылып, бөліп беріледі екен.

Маңғыстау облысының тұрғыны да мұндай салт кездеспейтінін айтады. 

"Құрбан айтта Құран оқып, мал сояды. Қан жағады дегенді естімеппін. Мешітке апарып береді. Аз қамтылған отбасыларға таратады немесе өздері асып, келген-кеткен адамдарға дайындап қояды", - дейді ол.

Этнограф бұған қатысты қандай пікір білдірді?

Маңдайға қан жағу ырымы не үшін қолданылғанын анықтау мақсатында этнограф Болат Бопайұлының пікірін білдік. Оның сөзінше, бұл ырым ұйғыр, дүнген халықтарында да сақталған.

"Ол - бұрыннан бар ұғым. Дінде ондай нәрсе жоқ. Жылда құрбан шалады, әр жылы құрбан шалған кезде үйдегі бір баланың шекесіне қан жағады. Екінші жылы екіншісі баласының, сөйтіп, әр отбасы мүшелерінің шекесіне жағып қояды. Ол - ырым. Оның бала өмірінде құрбан шалмай кетпесін, осыған арналып шалынған құрбан деген мәні бар. Сөйтіп қан жағады. Кем-кетік мал шалмайды, ана дүниеге барғанда сол өзінің көлігі болады деген ырым ғой", - дейді ол.

Халық арасында құрбандыққа шалынған малдың қанын жағу ырымы былай да түсіндіріледі: Кеңес Үкіметі кезінде қазақтарға құрбан шалдырмаған, Ораза ұстатпаған. Ал құрбан шалынған үйдің кішкентай баласының маңдайына қан жағылған екен. Сол белгі арқылы басқа көршілері "мына үйде құрбан шалыныпты" деп жиналатын болған. Этнограф бұған қатысты пікір білдіріп, негізгі мәні жоғарыда айтылғанын жеткізді.

"Ырымды саясатқа, жағдайға, заманға, ауқымға байланысты әртүрлі пайдаланады ғой. Бірақ негізгі мағынасы мен айтқан мағынадан шыққан. Мұндай ырымдарды Құрбан шалуға рұқсат бермеген кезде құпия түрде пайдаланған болуы мүмкін", - дейді ол.

Құрбан шалатын адам шашы мен тырнағын алмауы қажет. Қаншалық рас?

Сондай-ақ, Құрбан айтта мал соятын адам тырнағын, шашын алуына болмайтыны туралы да жиі айтылады.

Мақсудидің "Ислам ғибадаты" атты еңбегіне сүйенсек, Құрбан айт кіргеннен бастап құрбан шалғанша, шашын және тырнағын алмау құпталған амалдар қатарына жатады екен.