Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

«Экономикалық саясат қару ретінде ашық қолданылуда»,- Президент

08.06.2023ж. 20:00
748
«Экономикалық саясат қару ретінде ашық қолданылуда»,- Президент

Біз бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлердің ішіндегі ең қиыны – климаттың өзгеруі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумында бүгін осылай деді. Оның айтуынша Орталық Азия бұл қатерлерге қарсы тұру үшін алғы шепте болады. Астана халықаралық форуымында тағы қандай өзекті мәселелер көтерілді? Тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Астана халықаралық форумына 1000-нан астам делегат қатысты. Олар -мәртебелі қонақтар мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері, саясаткерлер және танымал шетелдік спикерлер. Осылайша форум ең үлкен диалог алаңына айналып отыр. Оны бір сөзбен «Азиялық Давос» деп атауға да болады. Шараға шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары да тартылған. Жиында мемлекет басшысы Касым-Жомарт Тоқаев баршаны алдымен берік ынтымақтастыққа шақырды. Әсіресе бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс кезеңінде бізге мұндай қарым-қатынас өте қажет деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Геосаяси қысымдар бір-бірімізді алшақтатып жатқанда біз бірігуге, ықпалдасуға, ынтымақтасуға, өзара қол ұшын созуға деген анық императивпен бетпе-бет келеміз. Бұл жердегі негізгі идея – осы. Осындай сәтте Астана халықаралық форумы аталған үрдісті кері бұру үшін тағы бір мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Президент Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған сәттен бері негізі қаланған әлемдік тәртіпке төнетін қауіп-қатерлер туралы айтты. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ бірден-бір жаһандық әмбебап ұйым болып қала беретінін, әрі бұл ұйым барша адамзат баласының мүддесі мен шынайы мұқтаждықтарына қызмет ететінін айрықша атап өтті. Президент әлемдегі жаңа дағдарыстың ықпалына пікір білдірді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жікке бөлінушілік күші тек геосаяси мәселемен шектеліп қалмайды, оның экономикалық астары да бар. Экономикалық саясат қару ретінде ашық қолданылуда. Бұл қарама-қайшылықтар санкциялар мен сауда соғыстарын, мақсатты борышкерлік саясатты, қаржыландыру көздерінен шектеуді немесе жоюды, сондай-ақ инвестицияны бақылауды қамтиды.

Сондай-ақ, геосаяси қиындықтарға қарамастан, қазір Қазақстан сенімді сауда-экономикалық серіктес ретінде Орталық Азияның экономикалық локомотиві рөлін атқарып отыр. Бұл тұста Транскаспий халықаралық көлік бағытының салмағы зор деді,-президент. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев сын-қатерлердің ішіндегі ең қиыны - климаттың өзгеруі деді. Себебі 2050 жылға қарай ғаламдық ауа температурасы жоғарылайды деп күтілуде. Бұл құрғақшылыққа әкеп соғуы әбден мүмкін.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Су мен климаттың өзгеру мәселесі өзара тығыз байланысты. Орталық Азия – су қауіпсіздігін сақтау тығыз әріптестік және бірлескен тиімді шараларды жүзеге асыру арқылы ғана шешілетін аймақ. Аймақтағы екі үлкен өзен Сырдария мен Әмудариядағы су деңгейі 2050 жылға қарай 15 пайызға түседі. Біз аймақтағы экологиялық апаттың алдын алу үшін Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз.

Геосаяси шиеленістерге қатысты Біріккен ұлттар ұйымының Бас хатшысы да алаңдаушылық білдірді. Ол қазіргідей жағдайда тұрақтылықты сақтап тұру маңызды деді.

Антонио ГУТТЕРЕШ, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫ:

Біз қазір қиын уақытта өмір сүріп жатырмыз. Бүгінде қақтығыстар мен геосаяси шиеленістер артып барады. Климаттық дағдарыс процесі үдей түсті. Бұл ретте тұрақты даму мақсаттары жаһанда бейбітшілік пен әл-ауқатты ұстап тұру жоспарына айналды. Сондықтан біз бар күш-жігерімізді жұмылдырып, бірлесе жұмыс істеу арқасында ғана аталған мәселелерді шеше аламыз.

Соңғы жылдары Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы арта түскен. Ұлттық экономика министрінің пікірінше, өткен жылы инвестиция рекордтық көрсеткішке жеткен.

Әлібек ҚУАНТЫРОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Өткен жылы инвестициялардың рекордтық ағыны болды. Егер бұрын инвестициялардың шамамен 80%-ы мұнай-газ секторына құйылса, қазір 40%-ы біртіндеп төмендеді. Қазір инвесторлар басқа салаларға да қызығушылығы артқан. Біз инвестицияның өсуін көріп отырмыз.

Форумға келген шетелдік делегаттар Қазақстанға инвестиция құюға ниетті екендерін айтты. Олар болашақта Қазақстанмен сенімді серіктес бола аламыз деп отыр.

Роберт БРАЙАН, ДЕЛЕГАТ (АҚШ):

Біз дәстүрлі түрде энергетикалық компаниялар үшін инфрақұрылымды қамтамасыз ету саласында жергілікті инженерлік фирмалармен жұмыс істейміз. Бұл- біздің Қазақстанға алғашқы сапарымыз, Орталық Азия өңірін енді ғана игере бастадық. Инфрақұрылымды жақсарту үшін бірлескен топ тауып, құрмақшымыз.

Тим ЙЕО, ДЕЛЕГАТ (ҰЛЫБРИТАНИЯ):

Менің биоотын өндіру саласында жұмыс істейтін ойым бар. Қазақстандық ұйымдармен, ҚазМұнайГаз басшылығымен және министрліктермен, сондай-ақ ауыл шаруашылығы министрлігімен талқылаймыз. Мұнда көптеген мүмкіндіктер бар екенін көріп отырмын. Қазақстандық шикізатты пайдаланғымыз келеді және авиаиндустрия үшін, ұшақтар үшін биоотын шығарғымыз келеді.

Форум ертең де жалғасады. Инвесторлар үшін арнайы сессиялар мен конференциялар ұйымдастырылуда.