Астана-Павлодар
автобанында 3 айға жуық тоқтап қалған құрылыс қайта жанданды. Бұл туралы "Астана" арнасына құрылтайшылардың бірі Виталий Процентов
телефон арқылы хабарлады. Айтуынша, мердігер компаниялар алдындағы қарыз
жартылай өтелген. Десе де, кәсіпорынның берешегі әлі де бар.
Виталий
Процентов, «Автодорсервис» ЖШС құрылтайшысы:
Тапсырыс
берушінің талабын дер кезінде орындау үшін бұрынғы серіктестеріммен келісе
отырып, қаржы таптым. Ол ақшаға жалақы бойынша қордаланған қарызды жауып, қажет
материалдар сатып алдық. Қазір бетон құю жұмыстары жанданды. Жыл аяғына дейін
жолдың екінші жолағының 5 шақырымын аяқтаймыз. Егер қаражат болса, тапсырысты
биыл 100 пайызға орындар едік.
Автобанның
Ленин кенті мен Пограничник ауылы арасындағы 25 шақырымының құрылысын жүргізген
мердігер фирманың өкілі Вячеслав Савинов 108 млн теңге қарыздың толық өтелгенін айтты.
Бүгінде
160 жұмысшы іске қайта кіріскен. Еске салсақ, қаржылық дағдарысқа республикалық
жобаның бас мердігері «Автодорсервис» серіктестігінің акционерлері арасындағы
дау-дамай себеп болған. Өзара келісе алмаған құрылтайшылар әлі соттасып жатыр.
Осыған орай кәсіпорынның есепшоттары бұғатталған. Салдарынан жол құрылысын
жүргізген үш мердігер фирманың 450 жұмысшысы бес айға жуық жалақы ала алмай,
жұмыс тоқтаған еді. Құны 10 млрд теңге болатын «Орталық-Шығыс» республикалық
жобасының құрылысы 2017 жылы аяқталуы тиіс еді. Бірақ орын алған жайтқа
байланысты Астана-Павлодар-Өскемен автобанын тапсыру мерзімі тағы бір жылға
ұзартылды.
Әсемгүл
МҰХИТҚЫЗЫ