Мемлекет басшысы бүгін Біріккен Ұлттар ұйымының өкілдерін қабылдады. Кездесуде Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы көпжақты ынтымақтастықты дамытудың келешегі талқыланды. Сондай-ақ, халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер қозғалды. Президент Ұйымның Қауіпсіздік Кеңесін жан-жақты реформалаудың және осы органның өкілдігін кеңейтудің маңыздылығын айтты. Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымымен күш біріктіруге ниетті екенін растап, Астана халықаралық форумына белсенді қатысқаны үшін дипломаттарға ризашылығын білдірді. Елімізде ұйымның 20-дан астам бөлімшесі жұмыс істейді.
«Астана» халықаралық форумына қатысқандарыңыз үшін алғысымды білдіргім келеді. БҰҰ осы форумның жұмысына үлкен үлес қосты. Кешегі сөзімде мен БҰҰ-ның орасан зор рөлі туралы айттым және біз ұйымның принциптерін ұстануымыз керек.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі Еурокомиссар Януш Войчеховскиймен кездесті. Қазақстанның Еуропалық Одақпен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін зор әлеуеті бар екенін айтып, еліміз дәнді және майлы дақылдарды, сондай-ақ жоғары сапалы органикалық өнімдердің экспортын арттыруға дайын екенін жеткізді. Өз кезегінде Януш Войчеховский құрмет көрсеткені үшін Президентке ризашылығын білдірді.
Януш ВОЙЧЕХОВСКИЙ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ЕУРОКОМИССАР:
Менің Қазақстанға деген көңілім ерекше. Сізді Астана халықаралық форумын табысты өткізуіңізбен құттықтаймын. Сіздің сөйлеген сөзіңізді айрықша ықыласпен тыңдадым. Дұрыс айтасыз, бізге сын-қатерлерді анықтап, түйткілдерді шешу үшін ортақ диалог қажет. Жаһандық деңгейдегі қазіргі күрделі мәселенің бірі – азық-түлік қауіпсіздігі.
Сонымен қатар Президент Босния және Герцеговина Президиумының Төрағасымен кездесу өткізді. Бұл сапар екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға және ауқымды мәселелер бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты іске асыруға жақсы мүмкіндік деген Мемлекет басшысы, Босния мен Герцеговинаны Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен Балқан аймағындағы перспективті сауда-экономикалық серіктес ретінде қарастыратынын айтты. Өз кезегінде Желька Цвиянович қонақжайлық көрсетіп, Астана халықаралық форумына шақырғаны үшін алғысын білдірді.