Қазнетте видеоға түсірілген эксперимент тарады. Автор кока колаға тіс пастасы мен ас содасын араластырады. Содан кейін қоспаны микротолқын пеште бір минут қыздырып, магниттік слайм жасайды. Бұл жалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл - монтаждалған видео. Желіде осы экспериментті қайталаған роликтер көп. Нәтижесінде ешқандай магниттік слайм шықпайды.
Сонымен қатар, кока коланы тіс пастасымен және ас содасымен бөлек араластырған видеолар да бар. Бірінші жағдайда ешқандай реакция болмайды. Екіншісінде ерітінді көбіктеніп, шуылдаған дыбыс шығара бастайды. Алайда кока коланың да, тіс пастасының да, ас содасының да магниттік қасиеттері жоқ.
Видеода көрсетілген эксперименттің "нәтижесі" - құрамында кока кола мен тіс пастасы жоқ магниттік слайм. Оның негізгі бөлігі - магнитке тартылатын темір жоңқасы. Мұндай слаймды дайын түрде сатып алуға немесе өз қолыңызбен жасауға болады.
Демек, таралған видеоға сенбеген жөн. Бұл - кадрлар монтаждың нәтижесі. Кока коланы, тіс пастасын және ас содасын араластыру арқылы магниттік слайм жасау мүмкін емес.