Президент Абай облысына келуіне орай жолдардың жедел жөнделгеніне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Aстана телеарнасы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мен келеді деп аяқ астынан жол жөндей бастау дұрыс емес. Бұл – мүлдем масқара жағдай. Мен бұл туралы оқыдым, білемін. Кінәлілер жазаланады», - деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Абай облысында Президенттің келуіне орай жолдағы шұңқырлардың жедел бітелгені туралы жазбалар тараған болатын.
Ал Абай облысының әкімдігі жолды жедел жөндеудің себебін басқаша түсіндірді.
«Бородулиха-Жерновка-Поллог» аудандық маңызы бар жол учаскесінде көлік құралдарының, оның ішінде құтқару қызметтері мен волонтерлердің қозғалыс қарқындылығының артуына байланысты өртті жою жөніндегі штабқа автомобильдер ағынын ескере отырып, қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету және жүру бөлігінде шаңсыздандыру мақсатында шұңқырларды уақытша бітеу жұмыстары жүргізілді», - деп хабарлады облыстық әкімдіктен.