Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Зүлфия Сүлейменова орманшылардың соңғы сөзі қандай болғанын айтты

AstanaTV
12.06.2023ж. 08:27
1222
Зүлфия Сүлейменова орманшылардың соңғы сөзі қандай болғанын айтты

Зүлфия Сүлейменова Абай ауданындағы орман шаруашылығы қызметкерлерінің рациядағы соңғы сөздері қандай болғанын айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, өртке алғашқылардың қатарында орман шаруашылығы өкілдерінің барғанын атап өтті. Олар 8 маусымға қараған түні байланысын тоқтатқан.

«Кеше 14 адамның мәйіті табылды. 8 маусымда сағат 21:00-ден кейін, 22:00-ге таяп қалғанда олармен байланысымыз үзілді. Рациядан соңғы рет естігеніміз - жел кенеттен бағытын өзгертіп, айналаны түтін басқан. «Қатты түтіннің кесірінен оларды табу мүмкін болмады. Кеше олардың денесі табылды. Осы сәтті пайдалана отырып, қаза болғандардың отбасылары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын», - деді Зүлфия Сүлейменова.

Жалпы, министрдің айтуынша, жағдай біршама күрделі. Жел күшейген. Сондай-ақ, бірнеше күн ішінде болжам бойынша күшті, екпінді жел соғып, өрт сөндіруге кері әсер етіп келеді.

«Біз мүмкіндігінше өртті оқшаулап, ауыздықтаймыз деп үміттенеміз. Келтірілген шығын көлемі әлі есептелетін болады. Комиссия өз жұмысын жүргізеді. Біз мұны мүмкіндігінше тезірек жасаймыз. Бірақ қазірдің өзінде шығын айтарлықтай ауыр деп айтуға болады. Өйткені бұл біздің тарихымыздағы ең ірі өрттердің бірі. Бұл туралы айту әлі ерте, бірақ шығын миллиардтаған теңгеге бағалануы мүмкін», - деп түйіндеді Зүлфия Сүлейменова.