$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қырғызстанның экс-президенті 30 жылға бас бостандығынан айырылды

AstanaTV
12.06.2023ж. 19:19
752
Қырғызстанның экс-президенті 30 жылға бас бостандығынан айырылды

Қырғызстанның экс-президенті қашқын Құрманбек Бакиев Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің "Сыбайлас жемқорлық" бабы бойынша 30 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kg басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бішкектің Бірінші Май аудандық соты қашқын президент Құрманбек Бакиевке үкім шығарды. Ол 30 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал бұрынғы президенттің кіші ұлы Максим Бакиевтің мүлкі тәркіленіп, ерекше режимдегі колонияда өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Даму, инвестициялар және инновациялар жөніндегі орталық агенттік (ДСҚО) басшысының бұрынғы орынбасары Алексей Елисеевті сот мемлекет кірісіне 15 мың сом көлемінде айыппұл салып, мүлкін тәркілеп, 30 жылға бас бостандығынан айырды.

Дүниежүзілік банк атқарушы директорының бұрынғы кеңесшісі Садриддин Джиенбеков мүлкі тәркіленіп, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қаржы министрінің бұрынғы бірінші орынбасары Эмирлан Торомырзаев 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімімен ол жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеуі тиіс. Оның мүлкі тәркіленді, сонымен қатар ол үш жыл мерзімге мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды.

Мемлекеттік аппараттың заң бөлімінің бұрынғы басшысы Елена Белковская мүлкі тәркіленіп, тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұрынғы табиғи ресурстар министрі Қапар Құрманалиев мүлкі тәркіленіп, 13 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұл іс "Құмтор Голд Компани", "Центерра Голд" және "Қырғызалтын" ААҚ арасындағы келісімге заңсыз қол қою фактісі бойынша қозғалған. Қылмыстық іс 2013 жылы қозғалған.