Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Атырау облысында жобасы жасақталған музыка мектебі неге салынбайды?

12.06.2023ж. 20:00
720
Атырау облысында жобасы жасақталған музыка мектебі неге салынбайды?

Атырау облысында 10 млн теңгеге сметалық құжаттамасы дайындалған музыка мектебі салынбайтын болды. Осыдан 3 жыл бұрын Құрманғазы ауданындағы Хиуаз ауылына балалар саз мектебі қажет деп тапқан еді. Алайда жауаптылар бюджет қаржысын үнемдеу үшін оны мәдениет үйінің бір бөлігіне көшіруді ұйғарған. Ал мұғалімдер ол ғимаратта 80 баланы оқытуға мүмкіндік жоқ екендігін айтады.

Кеңес үкіметінің ескі кеңсесін еске түсіретін мына ғимарат – Хиуаз ауылындағы саз мектебі. Шатырынан су ағып, есік-терезесі зорға жабылады. Пайдалануға берілгеніне 35 жыл болған. Мектепте 80 бала 7 мамандық бойынша білім алады.Осыдан үш жыл бұрын шенділер жаңасын саламыз деп, 10 млн теңгеге сметалық құжат жасатқан еді. Енді оның 1 тиынға да керегі болмай қалды. Жауаптылар жаңа ғимаратқа 200 млн теңгені бөлуден бас тартып, жуырда пайдалануға берілген мәдениет үйіне көше салсын деп отыр.

Тілекқабыл БАЙДОШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ол жерде саз мектебіңне жобалық-сметалық құжат жасақталмау керек. Үлкен мәденит үйі салынып жатқан жерде бюджет қаржысын тиімді жұмсау мақсатында ғой. Енді ана жерде 200 млнға саз мектебін салынғаннан гөрі мәденит үйінің ішінен 25 кабинет ашып беру олар тиімдірек. Былай қарасаңаңыз. Өзіңіз ойлап қарасаңыз.

Билік өкілдері бюджет қаржысын құрылыс салмай үнемдегісі келетінін ашық айтты. Бірақ ол туралы ұстаздармен ақылдаспағанға ұқсайды. Музыка мектебі ұжымы типтік ғимарат болмағандықтан, баланы оқыту қолайсыз дейді.

Жанаргүл ДАУЫМОВА, ДӘУЛЕТКЕРЕЙ АТЫНДАҒЫ БАЛАЛАР МУЗЫКА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

2018 жылы сметалық құжаттары жасалып, жаңа мектеп салынады деп айтылды. Бірақ ешқандай мектеп берілген жоқ. Көшуге қалай қарайсыңдар деп айтты бізге. Біздер стандартқа сай емес, көше алмаймыз, себебі жаңадан салынған клуб оның ішінде өздерінің кабинеттері өздеріне жетпей жатыр.

Гүлфара ҚҰБАЕВА, ҚҰРМАНҒАЗЫ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Мен өзім ол ғимаратпен танысып келдім. Ол жерде мектептің балаларына оқуға мүмкінік жоқ. Ол жерде тиісті кабинет саны да жоқ. Және талаптарға да сәйкес келмейді.

Бір ауылға екі жаңа ғимаратты көп көрді ме, басшылық бәрібір тарап өз дегенінен қайтпайтын сыңайлы. Мәдениет үйінің бір бөлігін мектепке лайықтап өзгертуге бел буған. Оған қанша қаржы бөлінетінін айтқан жоқ. Бірақ бәрібір жоба жасақтауға бөлінген сұрауы жоқ 10 млн теңге желге ұшты.