Еуропаның алпауыт елдеріндегі инфляция деңгейі жоғары күйінде қалып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты.
«Биылғы жыл басынан дамыған елдердің акциялары 7,6 пайызға өсті. Америка Құрама Штаттарында 10 жылдық мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілігі 3,64 пайызға дейін 23 базалық тармаққа төмендеді. Доллар индексі 0,78 пайызға нығайды. Жыл басынан бері кеңейтілген индекстегі акциялардың өсуіне қарамастан, кең ауқымды экономиканың барометрі саналатын шағын капиталды акциялардың бағасы өзгеріссіз қалды. Бұл – экономиканың өсу тәуекелдерін білдіреді», - деді ол.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, пандемиядан кейін Қытай экономикасы баяу түрде қалпына келе бастады. Мамыр айындағы өндірістік белсенділіктің мәндері күткеннен төмен болып, COVID-ке қарсы шектеулер алынғаннан ең төменгі деңгейге жетті.
«АҚШ-тағы және Еуропаның алпауыт елдеріндегі инфляция деңгейі баяулағанмен, жоғары күйінде қалды. Нарық Еуропа Орталық банкі мен Англия банкінің мөлшерлемелерді тағы да көтереді деп болжап отыр. Ал Федералдық резерв жүйесі мөлшерлемелерді арттыруды тоқтата тұратыны жайлы белгі бере бастады», - деді Ғалымжан Пірматов.