Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Қазақстанда соңғы 5 жылда алғаш рет тұрғын үй бағасы төмендеді

13.06.2023ж. 20:00
651
Қазақстанда соңғы 5 жылда алғаш рет тұрғын үй бағасы төмендеді

Елде тұрғын үй бағасы арзандады. Себебі сұраныс аз. Халықтың үй алуға жағдайы жоқ. Құрылысшылар да қарқынды бәсеңдеткен. Нарықтағы ахуалды әріптесім Ақбота Базарбай бағамдады.

Тұрғын үйге деген сұраныс азайып кетті. Өткен айдың өзінде Қазақстан бойынша 25 мың ғана пәтер сатылған. Нарықтағы ең төмен сауда-саттық Атырау, Жетісу, Маңғыстау облыстарымен, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында тіркелген. Құрылысшылар одағының айтуынша, халықта үй алуға мүмкіндік жоқ.

Талғат ЕРҒАЛИЕВ, ҚАЗАҚСТАН ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Азаматтарымыздың мүмкіншілігі жоқ қаражаттарын жинауға. Табыстары аздау. Сондықтан ол азаматтарға мүмкіндік жасау керек. Өте төмен пайызда несиелер керек. Қазір бүкіл бағдарламалар қысқарды. Сондықтан тек қана екінші деңгейдегі банктердің бағдарламалары бар. Бірақ оларға өте биік пайыздары. 15-14, 16-17, 20 пайызға дейін көтеріледі.

Сұраныс азайғаннан кейін, 13 қалада пәтер бағасы да арзандады. Астана, Өскемен, Атырау және Алматы қалаларында пәтер құны 2 процентке дейін түсіпті. Халық үшін тиімді. Десек те, құрылыс компаниялары шығынға баттық деп отыр. Материалдардың қымбаттауы аздай, нарықтағы ахуал жығылғанға жұдырық болды дейді. Жұмысшылардың жалақасын төлей алмай қысқартып жатыр.

Вячеслав ЛАЗАРЕВ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Қазір жағдай тұрақсыз. Құрылыс саласын қолдайтын елде бағдарлама жоқ. Сұранысты тұрақты ұстап тұратын ыңғайлы талаптарымен ипотекалық бағдарлама да жоқ қазір. 7-20-25-тің өзі шектелген. Ол сұраныстың жартысын да қанағаттандырмайды. Коммерциялық бағдарламалардың болмауы қазіргі нарықтағы дағдарысты ушықтырып тұр.

Болатбек БЛЯЛОВ, ТАС ҚАЛАУШЫ:

Нарықтағы дағдарыс қарапайым жұмысшыларға қатты әсер етуде. Қолдарынан іс келетін, талай зәулім құрылысты тұрғызған қаншама адам жұмыссыз қалды. Жұмыс іздеушілер саны артқаннан, компаниялар ұсынатын айлық та азайып кетті. Әлеуметтік жағдай күн сайын нашарлап барады. Құрылысшылар өз қолдарымен салған тұрғын үйді жалдауға жағдайлары жоқ. Саяжайлар мен «уақытша тұрақтарда» тұруға мәжбүр.

Базарға бардық. Құрылыс заттарының бағасын сұрадық. Құны өзгермепті.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Бір үйдің іргетасы мен қабырғасына керек цемент пен кірпіш осы жерде сатылады. Цементтің құны 1200-ден 3 мың теңгеге дейін барады екен. 1200 деп тұрғанымыз ол - өзіміздің отандық, Жамбыл, Өскемен, Семейден шығарылатын цементтер, ал сапасы орташа деген 2000-дық цемент Ресейден алынады. 3000 деп тұрғанымыздың қаптамасы отандық болғанмен іші де сол Ресейден келетін цемент болып шықты. Ал кірпіштің біреуі 800 тг тұрады. Жалпы 1 үйге керек материалдың құны сол үйдің шаршы метріне қарай есептеледі.

Сатушылар камераға сөйлеуден қашқақтағаннан кейін қарапайым тұтынушы ретінде сұрап көруге тырыстық.

Үйдің бағасы түссе де, материал бағасы неге арзандаймайды? Айтатын уәж біреу. «Нарық еркін» дейді. Қазір жаңа тұрғын үйдің 1 шаршы метрдің бағасы 330 мың теңге, ал екінші нарықтағы үйлердің шаршы метрі 290 мың теңге. Нарықтағы бағаның қалай құбылатынын әлі уақыт көрсетеді.