Спорт Қазақстан
$441.44 €473.09 ₽4.75
×

Мәжіліс Ұлттық қордан балаларға төленетін төлемдер туралы заң жобасын мақұлдады

AstanaTV
14.06.2023ж. 12:11
688
Мәжіліс Ұлттық қордан балаларға төленетін төлемдер туралы заң жобасын мақұлдады

2023 жылғы 14 маусым күні Мәжіліс депутаттары Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық қордан балаларға төленетін төлемдер туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Депутат Унзила Шапақтың айтуынша, бұл төлем тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсалады. Бірінші мақсатта қаражат тек Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етіледі. Ал екінші мақсаттағы қаражатты шетелде білім алуға да жұмсауға болады.

"Бұл мақсатта баланың ел ішіндегі оқу орындарымен қатар шетелдік оқу орнында да оқу ақысын төлеуін шектемеу қажет деп пайымдаймыз. Бір сөзбен айтқанда, бұл кәмелетке жаңа толған қазақстандықтардың ересек өмірге қадам басқан кезінде бастапқы капиталды алуға мүмкіндік береді.Тиісінше, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған, жоғалтқан не ауысқан кезде төлемдерге талап қою құқығы да жоғалады".

Оның сөзінше, Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейін барлық жастағы балалар арасында теңдей бөлінеді. Инвестициялық табыстың жекелеген уақыт аралықтарындағы ықтимал теріс мәндерін болдырмау мақсатында оның 18 жылдағы орташа жылдық мәні негізінде (2,6 % мөлшерінде) айқындау жоспарлануда.

18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады. Көрсетілген кезеңде азамат тарапынан талап етілмеген жағдайда шоттағы қаражатты сол адамның зейнетақы шотына аудару ұсынылады.

"Жобаға қатысу үшін қандай да бір мемлекеттік органға жүгінудің қажеті жоқ, есептеулер автоматты түрде жүзеге асырылады, есепке алуды БЖЗҚ жүргізеді. Салық салынатын базадан төлемдерді алып тастау бойынша қажетті нормаларды Салық кодексінде жеке көздеу жоспарланған. Әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша көп жылдық тәжірибені және мемлекеттік дерекқорлармен жедел ықпалдасу мүмкіндігін ескере отырып, жоба операторы ретінде "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ белгілеу жоспарланып отыр", – деді депутат.