$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Құлдық санадағы шенеуніктерден қашан құтыламыз? – Депутат Ахметов басқаратын өңірдегі қазақ мектептері туралы

AstanaTV
14.06.2023ж. 16:26
756
Құлдық санадағы шенеуніктерден қашан құтыламыз? – Депутат Ахметов басқаратын өңірдегі қазақ мектептері туралы

Депутат Қазыбек Иса қазақ мектептерінің құрылысы туралы депутаттық сауалын Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаев пен Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовке жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Парламентке келген Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жалғыз қазақ мектебі - «Шаңырақ» мектебінің апатты жағдайы туралы ата-аналар хатын оқығанда, біз әлі Тәуелсіздік алмай, Кеңес одағы құрамында келе жатырмыз ба деген ой келеді. 550-дей қазақ баласы оқитын жалғыз қазақ мектебі өткен ғасырдың басында, 1936 жылы және 1952 жылы салынған ескі тозығы жеткен, құлайын деп тұрған жайда отыр, - деді депутат.

Оның сөзінше, кешегі Кеңес империясы кезінде, 1987 жылы Желтоқсан көтерілісінен кейін қазақ мектебін ашуға деген талап күшейіп, алдымен кешкі мектеп болып ашылған. Бірақ Тәуелсіздік алсақ та, жағдай сол Кеңес кезіндегіден оңалмаған.

Риддердегі 16 мектептің 1-еуі ғана қазақ мектебі, 12-сі орысша мектеп, 3-еуі аралас мектеп. Қазақ елінде шаңырағы құлайын деп тұрған «Шаңырақ» қазақ мектебі 20 жылдан бері жаңа ғимарат сұрап зарлап келеді. Риддер қаласында қазақ тілді мектептердің жетіспеушілігінен қазақ балаларының оқуына дұрыс жағдай жасалмай, ел зардап шегіп келеді, - деп айтты Қазыбек Иса.

Депутаттың айтуына қарағанда, осы проблемаларға қарамастан бұл қазақ мектебі білімі бойынша қаладағы ең үздік мектеп, Қазақстанның 100 мектебі тізіміне енген.

«Шаңырақ» мектебіндегі 550 баладан басқа тағы 700-дей бала аралас 4 мектепте оқып жатыр. Осыған байланысты өтініш берушілер аталған мәселені шешіп беруін, қазақ мектептердің ашылуын және жаңадан салынуын талап етңп жатыр.
2008 жылы «Шаңырақ» қазақ мектебіне жаңа ғимарат салуға жер де бөлінген. Бірақ құжаттар бұрмаланып, №6 шағын аудандағы жаңа мектеп ғимараты басқа аралас мектепке берілген. Ал 600 орындық ол мектепке бала толмай, 218 оқушы оқыған. Қаладағы 1200-дей қазақ оқушылардың жартысы типтік емес, ескі апатты «Шаңырақ» мектебінде, жартысы қаланың әр жеріндегі 3 аралас мектепке қатынап барып оқып жүр. Қала билігінің қателіктерінен бұл мәселе өткір күйінде қалып тұр, - деді депутат өзінің сауалында.

Ол «Шаңырақ» мектебіне салынған жаңа ғимаратты «аралас» мектепке айналдырып жібергендер жауап беруі керек екенін айтты.

2008 жылы қазақ «Шаңырақ» мектебін салуға жер телімін бөлу туралы қаулы шыққанда оған негіз керек болды. Әрине сол кезде мектептің апаттық мектеп екені туралы эксперт сараптамасы да, «Шаңырақ» типтік емес мектепте отырғаны туралы да құжаттар болды. Кейін 2019 жылы қала билігі бұл сараптаманы да басқа құжаттарды да мектептегі жиналыста Риддер қаласы білім беру бөлімі басшысы Дәулет Ильясов өз қолымен алып кетіп, жоқ қылды. Содан кейін 2019 жылы жаңа қаулы шығарған. Ол қаулы бойынша 6 ықшамауданда салынатын мектеп 600 орындық мектеп болады деп көрсетілген, - деп айтты Қазыбек Иса.

Депутат жауапты органдарға мынадай сұрақтар жолдады:

1. Қазақ мектебінің құрылысына бөлінген жер мен қаражатты қандай саясатпен халықтан ұрлап, өтірік қажеттілік тудырып, басқа мектеп ашып отыр?

2. Былтыр салынған 600 балаға арналған жаңа мектепте 2018 бала оқып, әлі күнге дейін толтыра алмай отырса, неге «Шанырак» қазақ мектебіне бермейді? Бұл елдің каражаттын ашық тонау ғой?

Қабырғаңды қайыстырар қаптаған сұрақтардың ішінде әсіресе, осы Тәуелсіз және Әділетті Қазақстанның ұстанымына қарсы жасалған екі қарекетке кім кінәлі? Олар неге жазаланбайды? Облыс, қала әкімдері неге мемлекеттік мүддені қорғамайды? Осы сұраққа ашық жауап талап етеміз. Осы біздің елде қазақ мектебін ашамыз десе, «аралас ашайық» деп, араласып шыға келетін құлдық санадағы шенеуніктерден қашан және қалай құтыламыз? – деді ол.

Депутаттар Риддердегі қазақша оқитын балалар мен ата-аналардың ұсынысын қолдап, мынадай талаптар қойды:

1. 2022 жылы жалғыз қазақ мектебі «Шаңырақтың» 600 баласына арналып салынған, бірақ әкімдіктің бұрмалауымен, 218 оқушы ғана оқыған №11 аралас мектепке беріліп жіберілген жаңа ғимарат заңды иесі «Шаңырақ» мектебіне берілуі тиіс. Сонда қаланың жеті ауданындағы әр аралас мектепке қатынап оқып жүрген қазақ балалары осында келіп оқитын болады.

2. Қаладағы қалған төрт аудандағы төрт аралас мектепте оқып жүрген қазақ оқушылары үшін сол маңдағы №7 ықшамауданға салынатын «Жайлы мектеп» жобасы бойынша жаңа мектеп берілуі тиіс.