Биыл республика жолдарын жөндеуге 600 млрд теңге қаржы бөлінді. Көпшілік көшеміз «тақтайдай тегіс болады» деп сарыла күтеді. Бірақ артынша қалың көш жүріп өткендей жұлым-жұлымы шығады. Өйткені сапалы салынбайды. Мәселен, еліміз бойынша жолдардан 8 мың сынама алынды. Оның екі мыңы талапқа сай емес. Тіпті жол салатын арнайы техникасы жоқ мекемелер де осы салада жұмыс істеуде. Жүйкені жұқартқан жолдың жайын тілшілеріміз тарқатады.
Сүндет ОРАЛБЕКОВ, ТІЛШІ:
Бұл көшемен мен күнделікті жұмысқа қатынаймын. Шұқыр-тесігі көп. Кедір-бұдырдан қашамын деп рольді қайта-қайта бұруға тура келеді.
Дәл осы жолдың жайын беске білемін деуші едім. Соған қарамастан шұңқырға түсіп кеттім. Қап дөңгелегім жарылыпты. Амал жоқ ауыстырамын енді.
Дөңгелек жарылғанға біраз әбігерге түстім. Негізі мұндай ойдым-ойдым жолдар жүйкеңді ғана жұқартпайды. Көлікке тигізер кесірі көп. Әлсін-әлсін бұзылады, бөлшектерін ауыстыруға қаржың кетеді.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Например, хадовка бұзылады. Қанша шұңқырлар бар. Ешқандай жол көңілден шығады деп айталмаймын. Өйткені "жалобы Астаныдың" өзінде қанша адам риза емес жолдарға.
- Асфальттың сапасы нашар ғой. Жылда істейді. Жылда бұзады. Көңілден шықпайды. Астана болғаннан кейін, 21 ғасыр болғаннан кейін дұрыстап істеуге болады ғой.
- Менің көлігім жаңа. Бірақ бамперім сынды. Осыдан-ақ жолдың сапасын білуге болады. Өзім Мәңгілік елде тұрамын. Жолды жылда жасайды. Түсінемін Президент сол көшемен жүреді. Ол оң жағалаумен жүрсе екен. Бұл жақтың да жолын жасайтын.
Асфальт төсеудің талабы бар. Әрбір шарты дұрыс істелмесе сапа болмайды. Сондықтан салынғанына жыл өтпестен тіпті ай болмастан шұрық-тесігі шығады. Мәселен, тақтайдай теп тегіс деген Астананың бас көшелерінің бірінен сынама алынды. Талапқа сай еместігі анықталды.
Қайрат КӘРІБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ "ЖОЛ АКТИВТЕРІ САПА ОРТАЛЫҒЫ" БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Өздеріңіз көріп жүрген Ардагерлер көшесі, Бакетаева көшесі және ең үлкен Жеңіс даңғылында кеше ғана үлкен машинамен кесіп алынып, мердігер өз ақшасымен қайтадан жұмысты жүргізді. Кемшіліктің орнын жойды деп айтуға болады.
Жаңадан салынған асфальттың артынша қазылып жатқанын көз көріп жүр. Сұрасаңыз жер астындағы құбыр ауыстыру үшін деп жауап береді. Жол жөнделерде астындағы құбырдың тексерілмейтіні таңғалдырады. Осылайша, бөлінген қаржы құмға сіңген су секілді ысырап болады. Айтпақшы, әрбір салынған жолдың кепілдік мерзімі бар. Ақауы шықса, тиісті мердігер қалпына келтіруі тиіс. Бірақ іс пен сөз сәйкес келмей тұр. Себебі...
Дидар СМАҒҰЛОВ, "ӘДІЛДІК ЖОЛЫ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Егер жол кепілдікте тұрса, яғни, 3 жылдың ішінде салынған жол болса біз оны бірден сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жібереміз. Егер кепілдік болса. Ал әкімшілік тарапынан ешқандай әрекет болмаса бұл жемқорлық тәуекелдері деп айтуға болады. Өйткені мүмкін сол әкімдіктің өз қоз қарасы бар бұл мәселеге. Мүмкін біреу пара беріп, жолды дұрыс бақыламаймын деген шығар.
СҮНДЕТ ОРАЛБЕКОВ, ТІЛШІ:
Биыл республика жолдарын жөндеуге қазынадан 600 млрд теңге бөлінді. Барлық аймақта жұмыс қызу жүруде. Айтпақшы, әлеуметтік желіден Қызылорда облысында бөшкемен асфальт төсеп жатқанын көріп қалдым. Мөлдір, жол салатын компаниялардың техникалары болмаған ба?
Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Иә, Сүндет, бөшкімен жол төсеп жүргендер желіні біраз шулатты. Бұл жағдай Жалағаш ауданы Ақсу ауылында болған. Аудандық маңызы бар жолға 71 млн теңгеден астам қаражат қаралған. Бірақ техниканы темір бөшкеге ауыстырғандардың ісі әшкере болды.
Жолдан сынама алған мамандар 100 тонна өнімді жарамсыз деп таныды. Соған сай мердігер мекеме асфальт жабындысын өзгертіп, қайта төсеп жатыр. Жалпы бұған дейін қыста жолды қар үстіне салып жатқандар сынға ұшыраған болатын. Тұрғындарды жаңа төселген асфальттың көп ұзамай ойылып, үгітіліп жататыны да қынжылтады.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Жылда жылда қаза береді, жылда істейді сапасы жоқ оның. Әшейін істейді оны, келесі жылы тағы да бұзылып жатады.
- Орталығында нормально ғой бәрі. Бірақ шет жақтарында жолдарында нашар ғой.
- Жолдары дұрыс емес бәрінің, астарын дұрыс салмаған.
- Қаланың жолы былайынша жақсы жоқ. Орталықтары барлығы. Жолға ешқандай шағымым жоқ.
Мамандар жыл басынан бері 86 нысанға тексеру жүргізген. 150-ге жуық кемшілік анықталды. Нәтижесінде бірнеше мердігер мекеме өз қаражаты есебінен 183 млн теңгенің жұмысын қайта жасаған.
Мағжан ҚАСЫМХАН, «ЖОЛ АКТИВТЕРІНІҢ ҰЛТТЫҚ САПА ОРТАЛЫҒЫ» РМК ҚОФ ЗЕРТХАНА МЕҢГЕРУШІСІ:
Көбінесе, қалыңдығының жетпеуі, битум дұрыс себілмеуі, материалдардың құрамы, тағы да басқа сынамалар талаптарға сай келмей қалады. Тығыздық коээфиценті дейміз, суға қанығуы солар сәйкес келмей қалады. Сәулет құрылыс бөлімі бар сол жаққа қарай хат жолдаймыз міндетті түрде. Осы технадзорлық службаға шара көру тура. Бір жыл басынан бері 3 технадзорға хат жаздық.
Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Қызылордалықтарды аудан, қала ішілік жолдардан өзге «Батыс Европа- Батыс Қытай» авто дәлізінің де сапасы алаңдатады. Себебі Қызылорда мен Ақтөбені байланыстыратын күре жолдың бойында қаза тапқандар қатары азаяр емес. Тараздағы мәселені әріптесім Берік Жұмабай таразылайды.
Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:
Иә Мөлдір, Жамбылда да жол жырын жұрт жиі жырлайды. Мәселен, Тараз бен Байзақ ауданын байланыстыратын жол былтыр ғана жөнделген. Енді міне жыл өтпей қайта шұрық тесікке айналды.
Қазір жұрт жолға шығуға қорқады. Себебі дәл осы жерле апат жиілеген. Қазір ауданға кірер 2 жолдың біреуі жөндеуге байланысты жабылған.
Құлманәділ ҚАЙРАТҰЛЫ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІ:
Тесіктері ана жерде 20-30 см-ге дейін барады ең үлкендері. Және өте тығыз бір-біріне жақын орналасқан. Оны өтетін кезде зик-зак болып айналып жүреміз да. Обочинаға шығып кетеміз. Істей ме, істемей ме, соны нақты айтсын да.
Жергілікті тұрғындар тас жолды жылда жамай бермей, қайта асфальт төсеуді талап етуде. Себебі жол азабын тартқан тұрғындар әбден шаршаған. Бір қызығы бұл жол былтыр ғана ағымдағы жөндеуден өткен екен. Енді қала билігі 4 шақырым жолды қайта жөндеуге тағы қомақты қаржы жұмсамақ.
Нұрбол ҚАЛДЫБАЕВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Биылғы жылы біз осы жолды жөндеу мақсатында, жобалық сметалық құжаттар дайындадық. Жалпы сметалық құны 228 млн тг. Бұл жолды жөндеу үшін қазір мердігерді анықтау үшін конкурсқа бердік. Конкурстық рәсімдер қазір жүргізілуде. Осы айдың аяғына дейін мердігер анықталу керек.
Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:
Облыстағы жергілікті автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 8 801 шақырымды құрайды. Оның 7340 шақырымы яғни 85,4% асфальтталған. Биыл тағы 792 шақырым жергілікті жолдар жөнделмек.