$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Павлодарда науқастар ас-ауқатсыз қалуы мүмкін

14.06.2023ж. 20:00
760
Павлодарда науқастар ас-ауқатсыз қалуы мүмкін

Павлодарда ауруханаларда жатқан 2500 мыңға жуық науқас ас-ауқатсыз қалуы мүмкін. Өйткені, медициналық мекемелердің асханасын жалға алған кәсіпкер әр емделушіге бөлінетін тариф құнының тым төмен екенін айтады. Баға 3 жылдан бері көтерілмеді дейді. Әр науқастың бір күндік тамағына бар-жоғары 1100 теңге бөлінеді. Бұнымен шығынның өзін өтей алмайтын көрінеді. Ал аспазшылар айлықтың аз екенін айтып, жұмысқа шығудан бас тартты. Мәселенің мәнісін тілшіміз біліп келді.

Кәсіпкер Арман Мұстақов аймақтағы 10 аурухананың асханасын жалға алған. Мұндағы науқастардың үш мезгілдік ас-суына жауапты. Алайда, 3 жылдан бері көтерілмеген тариф қарызға белшесінен батырған. Денсаулық сақтау басқармасымен 5 жылға келісім шарт жасап, асханаларды өз қаражатына жөндепті.

Арман МҰСТАҚОВ, КӘСІПКЕР:

Бір науқастың тамақтануы 1100 теңгені құрайды. Осының ішіне 4-5 реттік тамақ кіреді. Бұдан бөлек коммуналдық қызмет, түрлі салықтар бар. Осы ақшаға азық-түлікті де сатып аламыз. Ал жұмысшылардың еңбекақысы осы 1100 теңгенің ішіненде. Қазір елімізде бағасы қысбаттамаған зат жоқ. Осыны ескеріп, тарифті өсіруді сұрап, бармаған жеріміз жоқ.

Ал 100-ден астам аспаз жұмысқа шығудан бас тартқан. Жалақы аз дейді.

Райгүл ШАҚАРОВА, АСПАЗ:

2019 жылдан бастап осында жұмыс жасаймын. Осы күнге дейін жалақымызды көтерген жоқ. Қазір азық түлік, комуслуга көтеріліп жатыр. Осындай жалақыға өмір сүру өте қиын. Адамдар осы жұмысқа тұрмайды. Осындай жалақыға жұмыс істегілері келмейді.

Денсаулық сақтау басқармасы мәселеден хабар. Алайда, тариф бағасын көтеру мүмкін еместігін айтады. Заң бойынша жыл сайын тек 4 процентке көтеруге болады.

Раушангүл КЕНЖЕТАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Биыл кейбір медициналық мекемелер тариф бағасын 3,5 пайызға көтерді. Жыл сайынғы өсімді қоса алғанда 7,5 пайыз. Келісімшарт бойынша инфляцияның өсуін ескере отырып, кәсіпкер барлық шығынды өз мойнына алуы қажет. Құжатта осылай деп жазылған. Ол жұмысын тоқтатқан жағдайда, мәселе сот арқылы шешіледі.

Кәсіпкер талабы орындалмайтын болса, алдағы аптадан бастап, емделушілерге ас-су беруді тоқтататынын жеткізді. Ал аймақтағы ауруханаларда 2500 мыңға жуық науқас ем қабылдап жатыр.