$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматы облысында өнеркәсіп өсімі 10,7%-ті құрады

15.06.2023ж. 20:00
1109
Алматы облысында өнеркәсіп өсімі 10,7%-ті құрады

Алматы облысында өнеркәсіп өсімі 10,7%-ті құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі өңір экономикасын дамытудың локомотиві болып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев мәлімдеді.

Дәмі тіл үйірер балмұздағымен көпшілікке танымал болған «Шин-лайн» компаниясы өз жұмысын 1995 жылы бастады. Бүгінде ол Орталық Азиядағы ең ірі балмұздақ өндірушісі және қазақстандық балмұздақтың шетелдік нарықтарға алғашқы экспорттаушысы болып табылады.

Дмитрий ДОКИН, «ШИН-ЛАЙН» ЖШС ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жылына 18,5 мың тонна балмұздақ өндіреміз. 2027 жылға қарай 50 мың тоннаға жеткізу жоспарда бар. Импортты ығыстырып, экспортты дамытып жатырмыз десек болады. Сондай-ақ компаниямыз балмұздақтан басқа жылдам дайындалатын кеспе, жартылай фабрикат өнімдерін де шығарады.

Аймақта жеміс-жидек өнімдерін өсіру, сақтау және өңдеу жұмыстары жүйелі жолға қойылған. «FRUIT ART» компаниясы заманауи технологиялардың арқасында тұтынушыларға жыл бойы қолжетімді табиғи өнімдерді ұсынады. Бұдан бөлек Алматы облысында жақында ғана «Жетіген» көлік-логистикалық орталығы іске қосылды.

Әнуар ИСАЕВ, «ЖЕТІГЕН» КӨЛІК-ЛОГИСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Бір уақытта 8 мыңнан астам контейнерді сақтауға қауқарлымыз. Тасымалдайтын жүк ассортиментіміз кең. Оның ішіне құрылыс материалдары, қара металдар, химиялық және минералды тыңайтқыштар, шикізат, тұрмыстық техника, тіпті автомобильдер де кіреді.

Бүгінде Алматы облысының 2030 жылға дейінгі инвестициялық портфелі 3,9 трлн теңге мен 231 жобаны құрайды. Бұл 30 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Өткен жылдан бері шетелдік және отандық инвесторлармен 40-тан астам іскерлік кездесулер өткізіліп, 50 меморандум мен келісімдерге қол қойылды.

Айта кету керек, өткен жылы жалпы өңірлік өнім 4 трлн 249 млрд теңгеге жетті. Алматы облысы 106,3 пайыз өсімді көрсетіп, республика бойынша 3 орынға ие болды.