Былтыр күнбағыс майының экспорты 230 мың тоннаға жетті. Бұл туралы Сенатта өтіп жатқан Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты.
«Өсімдік майын өндіретін 70 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Жалпы, азық-түлік өнімдері көлеміндегі үлесі 8 пайызды құрап отыр. Елімізде өндірілген өсімдік майымен қамтамасыз ету деңгейі 141 пайыз шамасында», - деді Е. Қарашөкеев.
Оның айтуынша, күнбағыс экспортына қатысты қабылданған шектеу шаралары есебінен отандық өңдеу кәсіпорындары шикізат қорымен қамтылды.
«Бұл тұрғыда 2022 жылдың қорытындысы бойынша күнбағыс майын өндіру көлемі 62 пайызға, яғни 331,9 мың тоннадан 537,1 мың тоннаға дейін өсті. Ссондай-ақ жыл басынан бері бұл өнім бойынша ішкі нарықтағы баға 8,3 пайызға төмендегені байқалды», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, күнбағыс майының экспорты 2022 жылы 229,4 мың тоннаны құрады, бұл көрсеткіш 2021 жылға қарағанда 1,7 есеге көп.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Ауыл шаруашылығы министрлігі қант өндірушілерді баға демпингінен қорғау тетігі енгізілгенін жариялады.