Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Жамбылдық шаруалар "шығынға баттық, 90 күннен бері сусыз отырмыз" деп шу шығарды

16.06.2023ж. 20:00
606
Жамбылдық шаруалар "шығынға баттық, 90 күннен бері сусыз отырмыз" деп шу шығарды

Жамбылдық шаруалар шығынға баттық, 90 күннен бері сусыз отырмыз деп шу шығарды. Бір емес білдей төрт ауылдың дихандары еткен еңбек, төккен тер құмға сіңіп кеткелі тұр деп даурығып жатыр. Шаруаларға неге су жетпей жатыр? Берік Жұмабай жауаптылардан сұрап білді.

Байзақ ауданындағы Ақжар, Көкөзек, Түймекент және Суқанбай ауылының дихандары бұл жағдайға «ҚазСуШар» мекемесін кінәлі деп отыр. Суды алалап береді дейді. Ал төрт ауыл қарап отырған Сәмбет су арнасының кеуіп кеткеніне үш ай болыпты. Салдарынан Ақжар ауылының алқаптары да қурап жатыр. Өйткені ағын суға жауаптылар Жамбыл ауданына жеткілікті бөліп, Байзаққа келгенде көлемін азайтып бермей отыр дейді тұрғындар.

Ахмет ҚҰРЫШБАЙ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Турасын айтқанда алалау. Көрші ауылдардың бәрінде су бар. Жағдайлары болып жатыр. Анау жерде егіншілікпен айналысып жатқан адамдардың бәріне қиянат. Малмен айналысып жатқандарға да қиянат. Бәріне қиянат!

Райымбек РҮСТЕМБЕКОВ, ДИХАН:

Әй, бұл масқара емес, тас масқара! Халық осыншама ақша жұмсап, осыншама неғып, 1 қасық су бермейді мынау су мекемесі Артқа қарай сүйрейтін су мекемесі аудандық әкім де, Түймекент округінің әкімі де жанашыр боп Ақжар халқына қарамайды. Тоған кеуіп кетті. Өзекке дейін кеуіп кетті.

Ғалымжан ҚАРАБАЛАЕВ, АҚЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жамбыл ауданына 15 куб мысалға Байзақ ауданына 1 түйір су беріп жатқан жоқ. Халық соны сұрап тұрмыз. Жанымыз қысылып кетті енді, болмайды бұдан артық шыдауға.

«ҚазСуШар» мекемесі аталған ауданға суды әдейі бермей отырғанымыз жоқ дейді. Көрші елден келетін ағын су көлемінің азайғандығын айтады. Сондықтан аудандарға кезекпен су беріп жатыр екен. Бірер күнде Байзақ ауданына су беріледі, оның өзі тек 15 күнге ғана екен.

Ерлан ӨТЕГЕНОВ, «ҚАЗСУШАР» РМК ЖАМБЫЛ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Киров су қоймасына судың түсіп жатқан көлемі 1,5 куб. Былтыр бұл көрсеткіш 55 куб болатын. Жалпы сәуір айынан бүгінгі күнге дейін су қоймаға 140 млн куб су түскен жоқ. Бүгінде қырғыздардың өзіне су жетпей жатыр, жағдай қиын болып жатыр. Билікке сенбей жатыр «сендер бүкіл суды қазаққа айдап жатсыңдар» дейді.

Киров су қоймасына былтыр 400 млн текше метр тіршілік нәрі жиналған. Биыл соның жартысына да жуықтамапты. Ал «Талас су» торабындағы 32 текше метр су тамыз айына дейін жетпейтін көрінеді.