Батыс Қазақстан облысының шалғайдағы аудандарына апаратын республикалық жолдың құрылысы межелі мерзімінен кешіккеніне биыл үш жылға жуықтады. Бұл мәселені мемлекет басшысы тікелей бақылауға алған. Жыл сайын қырық сылтау айтатын мердігерлер осыдан қаймықты ма, биыл тас жолдың төменгі қабатын төсеп, қатынауға ашамыз деп сендіріп отыр.
Бос жатқан топырақты ұшырып әкеткен желдің соңы әп-сәтте құмды дауылға ұласты. Топырақ борағанда қарға адым жер жүру мүмкін емес. Түк көрінбейді. Мұндайда боранның басылғанын күтуден басқа амал жоқ. Бірақ дауыл біткесін, жаңбыр төкті. Шаңы шығып, шөліркеген жол лезде ми батпаққа айналды.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Бұл - «Өнеге-Бисен-Сайқын» республикалық жолы. Нешінші шақырым екенін білмейміз, бірақ қазіргі көрінісі осындай. Балақты түріп, серіктеріміздің көлігін батпақтан құтқаруға келдік. Мұнымыздан не шығарын қазір көресіздер...
Батпаққа батқан көлігімен жанталасқан жүргізушілердің бізбен ісі жоқ. Көмекке келгесін, оларды мазалау да ыңғайсыз. Ал терезеге шашатын суы таусылғандар ішетін сусынды көлігіне құйып жатыр. Өйткені бұл батпақтың әлі қаншаға созылары белгісіз.
60 мыңнан астам тұрғыны бар үш ауданның жолын салуға кезінде 57 млрд тг бөлініпті. Бірақ межелі мерзімнің біткеніне үш жылдан асты. Қыруар қаржы құмға сіңген судай жоқ болғасын, президенттің өзі осы жолды тікелей бақылауына алды. Сан сылтау айтуға шаршамайтын мердігерлер осыдан кейін ес жиғандай.
Серік КЕРІМҚҰЛОВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ:
Қазір үлкен проблема жоқ. Қазір қосымша самосвалдар келіп жатыр материалдарды жеткізуге. Вагондар келіп жатыр. 1000 вагонға келісімшарт жасалған. Ресейден алып жатырмыз қиыршық тастың барлығын. Оларда ондай проблема жоқ.
Мердігерлер жұмыс кестеге сай деп сендірді. Жылда жетпей қалатын құрылыс материалдарын былтыр күзден бастап қамдапты.
Азамат САФИМАЛИЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ БҚОФ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:
Бұл мәселе «AMANAT» партиясының бақылауында үнемі болады. Әрқашан да біз бақылап отырамыз, өзіміз облыстық деңгейде және аудандық деңгейдегі филиалымыз толығымен әрқашан да бақылауда ұстап отыр бұл республикалық жолды. Биылғы жоспар бойынша бірінші слой дейді ғой. Біріншісі төселіп, сол толығымен аяқталатын болады. Биыл мәселе шешілуі керек.
Бүгінде республикалық маңызға ие 245 шақырым жолдың 150 шақырымы дайын. Ал қалған бөлігіне әзірге бір қабат асфальт төселеді. Мұны өзі жол азабын көрген ауылдықтардың бейнетін біраз жеңілдетеді, дейді мердігерлер.