Спорт Қазақстан
$441.44 €473.09 ₽4.75
×

"Өмірімдегі өкінетін айтыс": Ринат Зайытов әйгілі айтыскер ақынға қарсы шыққан кезін еске алды

AstanaTV
17.06.2023ж. 16:44
1271
"Өмірімдегі өкінетін айтыс": Ринат Зайытов әйгілі айтыскер ақынға қарсы шыққан кезін еске алды

Айтыскер ақын әрі Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Әзімбек Жанқұлиевпен айтысқан сәті туралы естелік айтты. Бұл туралы "Еларнаға" сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

2002 жылы республикалық айтыстардың бірінде Ринат Зайытов Әзімбек Жанқұлиевпен айтысқан. Ал арада бір жыл өткен соң Әзімбек ақын өмірден өтеді.

"Менің өмірімдегі ең бір әттеген-айы бар айтыс болды. Неге екенін түсіндіріп өтейін. Ол кезде, шыны керек, мен сахнада Әзімбек Жанқұлиевпен айтысып тұрғанымды, бұл менің өмірімдегі үлкен оқиғалардың бірі екенін, осы айтыстың арқасында тарихта қалатынымды сезінген жоқпын. Менің бойымда жастық жалын болды. Оның үстіне, бұл Жүрсін Ерманның тізіміне алдын ала еніп барған алғашқы айтысым еді. Ішімде эйфория, өзіңді дәлелдегің келеді, көрсеткің келеді, бәрін жеңгің келеді. Сол тұста мен марқұм Әзімбек ағаның өміріме сабақ болатын нәрселер айтып отырғанын, өзінің назын айтып отырғанын, өзі басқан оттан мені сақтап отырғанын түсінген жоқпын. Тек оның айтыстағы сөзі деп түсіндім. Мені жеңу үшін айтып отыр деп қабылдадым. Соған қарсы уәж айту керек болды. Сонымен миым айналып отырды. Төрт-бес жыл өткеннен кейін бұл айтысты көргенде, мүлде басқаша қабылдадым. Өз-өзіме күлдім. Балалығым ғой, әттең... Қазіргідей жағдай болса, олай істемейтін едім. Сол бір әттеген-ай бар. Әзімбек Жанқұлиев сынды айтыстың бізге аман жетуіне себеп болған тірі тарихпен бірге айтысқаныма өзімді бақытты сезінемін", - деді Ринат Зайытов.