Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қызылордада «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында салынып жатқан үйлердің құрылысы тоқтап тұр

AstanaTV
12.10.2016ж. 20:00
2355
Қызылордада «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында салынып жатқан үйлердің құрылысы тоқтап тұр

Қызылордада бой көтерген үй сапа сынағынан өтпей қалды. "Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасымен "Самұрық-Қазына" жылжымайтын мүлік қорының" қаражатына 35 пәтерлі 6 үй салынып жатқан. Құрылыс 2014 жылдың аяғында басталған. Ал осыдан  бір жарым жыл бұрын құрылыс алаңында бетонды қабырға құлап, жұмысшы қаза тапты. Содан бері құрылыс тоқтап қалды. Тергеу неге созбаққа салынды? Шарипа Сақтапова сабақтайды.

Шарипа Сақтапова, тілші:

Жетімсіреп қалған құрылыс алаңында тірі жан жоқ. 2015-тің наурыз айында болған апаттан соң бұл алаң қоршалып, жабылған. Жаңа жыл қарсаңында қоныстанамыз деген 210 отбасының үміті де үзілді. Адам өліміне алып келген дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Төтенше жағдай орын алға апат орнында тәуелсіз сарапшылар алты ай бойы зерттеді. Үш бірдей сараптау орталығының тұжырымы бір: кінә жобаның шикілігінде. Құрылысты одан әрі жүргізуге болмайды, құжат түзейтілуді қажет етеді деген шешім шығарылған.

Виктор Загурский Астана қаласының «Кристалл» сараптау орталығының техникалық директоры:

Біздің қорытындымыз: құрылыстың жобалық - сметалық құжаттамасы жарамсыз. Тағы да қайталаймын, жарамсыз ол. Сол жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың берген тұжырымы да жарамсыз. Жоба жарамсыз болғандықтан, осындай апат болып отыр. Қалған қасындағы құрылысы тоқтатылған бес нысанда да осы қателіктер жіберілген. Апатты жағдайда болғандықтан, олардың құрылысы тоқтатылды.

Нәтижесінде көпқабатты 6 үйдің де құрылысы тоқтады. Сарапшылардың қорытындысына қарамастан, күтпеген жерден қосалқы мердігерді жауапқа тарту мәселесі көтерілді. Өйткені тергеу ісі олардың сапасыз құрылыс материалдарын қолданған деп айыптап отыр. Құрылысшылар болса жобалаушы шымкенттік «ССКПроект» компаниясы ақталып кете ме деп қауіптенеді.

Нұрлан Оспанов, «Ер-Дан И К» ЖШС директоры:

Бетонды дайындап беріп отырған бас мердігердің өзі. Бүкіл алты үйдің да бетоны дұрыс емес деген қорытынды біздің қолымызда тұр сарапшылардың. Сондықтан біз соны сұрап отырмыз: ішінің анализін зерттеп беріңіздер деп. Негізі жобамен істеген начальник учаске істі болуы керек, не себепті? Бетонның құрамын зерттеңіздер деген хатымызға біз әлі жауап ала алмай отырмыз.

Талғат Кенжеболатов, Қызылорда облысы ІІД тергеу басқармасының бөлім бастығы:

Ғимараттың қирап, құлауының басты себебі: құрылыс барысында орын алған жұмыс жобасынан ауытқушылықтары екендігі анықталған. Талаптардың бұзылуына жол берген қосалқы мердігер мекемесінің және техникалық қадағалау мекемесінің жауапты тұлғалары қылмыстық жауаптылыққа тартылуда.

Бұл алты үйді әртүрлі қосалқы мердігер мекеме салып жатқан. Олардың бас мердігері - бір, яғни "Дәнекер" компаниясы. Барлық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіп келген де осылар, - дейді қосалқы мердігер компания директоры. Бірақ қалалық прокуратура айыптау актісін бекітіп, істі қалалық сотқа жолдаған. Ал құрылыстың қашан жалғасатыны беймәлім күйі қалып тұр.