Астанада банк қызметкерлерін кепілге алған жігіт 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді. Бұл оқиға кеше елордалықтарды дүр сілкіндірді. Қолында қаруы бар 30 жастағы жігіт банк бөлімшесі ғимаратын басып алып, ондағы 7 адамды кепілге алған. Бірнеше сағат бойы жүргізілген келіссөз нәтижесінде күдікті қамауға алынды. Қазір бұл іске қатысты тергеу жүріп жатыр.
Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:
Оқиға қаланың қақ ортасында орналасқан Каспий банк бөлімшесінде болды. Қылмыскер мұнда бөлімшенің бірнеше қызметкерін кепілдікте ұстаған. Өздігінен берілмегеннен соң арнайы жасақ келіп жұмыс істеді. Министрдің айтуынша, ол бірнеше талап қойған.
Марат АХМЕТЖАНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Әртүрлі талаптар болды жаңағы оның қойған. Оның барлығы сөйлесу кезінде қарап, сөйлесіп, енді көп қойып жатқан талаптары заңсыз.
Келіссөз үш сағатқа созылды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Қару асынған жігітті ішкі істер министрлігі арнайы жасақпен бірге күш көрсету арқылы тұтқындады. Болған оқиғадан тұрғындар да үрейленіп қалған.
Бикежан ШАЛБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Жалпыүйлік чатқа пәтерлерден шұғыл түрде аулаға шығуды сұрап жазды. Түсіндірмесіз арнайы операция жүргізіліп жатқанын айтты. Арнайы күштер үйді толығымен қоршап алды, яғни көше жағынан да, аула жағынан да жақындау мүмкін болмады. Бұл кешкі 5-ке дейін жалғасты.
Аружан, КУӘГЕР:
Мен бүгін Каспи банкке кіргелі отырғанмын өз шаруларыммен. Бұл- маған ең жақын орналасқан банк бөлімшесі. Алайда абырой болғанда басқа да шаруаларым шығып кешігіп келдім. Егер мен бірден келгенімде оқиға орынында мен де болуым мүмкін еді.
Арнайы операцияға ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың өзі басшылық жасады. Кепілге алынғандар 1 жарым сағаттың ішінде құтқарылды. Оларға ешқандай медициналық көмек қажет болған жоқ. Қазір «Адамды кепілге алу» бабы бойынша тергеу жүріп жатыр.
ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ:
Аталған факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне Қылмыстық кодекстің 261-бабы, 2 бөлігі (Адамды кепілге алу) бойынша тіркелді. Бұл бапта мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Күдікті - Тараз қаласының тумасы. Оның наркологиялық диспансерде есепте тұратыны анықталды.