$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев неміс компанияларын Қазақстанға инвестиция салуға шақырды

20.06.2023ж. 20:00
921
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев неміс компанияларын Қазақстанға инвестиция салуға шақырды

Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте Германияға барады. Бұл туралы қос ел президентінің Астанадағы келіссөздер барысында айтылды. Мемлекеттік сапармен Қазақстанға келген Франк-Вальтер Штайнмайерді Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақорда» резиденциясында ресми қарсы алды.

Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт берді. Одан кейін екі елдің әнұраны шырқалды.

Мұнан соң екі ел басшылары өзара кездесу өткізді. Онда Президенттер қазақ-герман стратегиялық серіктестігінің жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Шағын құрамдағы кездесуден кейін екі ел басшысы келіссөздерді ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғастырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сіздің сапарыңызды асыға күттік. Бұл сапар Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықтың дамуына тың серпін беру үшін өте маңызды. Германия – Қазақстанның Еуропалық Одақтағы негізгі серіктестерінің бірі. Түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

Германия – Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Германияның Орталық Азия елдерімен сыртқы саудасының 80 пайыздан астамы біздің елге тиесілі.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің ынтымақтастығымыздың негізгі секторы – мұнай мен газ, өндіріс, машина жасау, көлік, логистика, жаңаратын энергия, ауыл шаруашылығы. Қанша сала болса, сонша сектор бар. Біз Германияның жаңа компанияларын Қазақстандағы жасыл өсімге, инновацияға, сутегіне, жасыл энергетика өндірісіне инвестиция салуға шақырамыз.

Тараптар келіссөз барысында жасыл сутегі өндіретін зауыт құрылысын бастауды құптады. Оны неміс-швед компаниясы жүзеге асырады. Бұл жобаға салынатын инвестиция көлемі - 50 миллиард доллар.

Саясат НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:

Сутегі қазіргі таңда баламалы энергетиканың жаңа бір қайнар көзіне айналды. Мысалы автомобиль индустриясында ең мықты үлкен машина шығаратын компаниялар электро мобильдерге басымдық бермей, су тек мобильдерге басымдық беріп жатыр.+Сондықтан үлкен жоспарларымыз бар. Келесі 7-10 жылда баламалы энергетиканың үлкен зерттеу орталығын Ақтау қаласында қалыптастыруға.

Бұдан бөлек, президенттер тау-кен өндіру және геологиялық барлау салаларындағы өзара тиімді кооперацияны дамыту мәселесін талқылады. Сондай-ақ, кездесуде тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында өзара іс-әрекеттерді күшейтуге баса мән берді. Германия Президенті Маңғыстау облысына іс-сапармен баратын болды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Маңғыстау облысына бару туралы шешіміңізді жоғары бағалаймын. Бұл біздің іскерлік ынтымақтастық саласындағы жетістігіміздің көрінісі деп санаймын. Білуімше, сіз теңіз портына да баруды көздеп отырсыз.

Бас қосуда Франк-Вальтер Штайнмайер Астанаға арнайы шақырғаны және қазақ халқына тән қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Франк-Вальтер ШТАЙНМАЙЕР, ГЕРМАНИЯНЫҢ ФЕДЕРАЛДЫ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің екіжақты қарым-қатынасымыздың жағдайы туралы айтқаныңызды растаймын. Біз дипломатиялық қарым-қатынасымыздың соңғы 30 жылына ғана емес, сонымен қатар сіз айтып өткендей, ынтымақтастығымыздың барлық салада қарқынды дамып келе жатқанына назар аударамыз. Неміс компаниялары Қазақстанға қомақты қаражат құйып келеді және бұл бағыт тек экономикалық саламен шектелмейді.

Кездесу барысында тараптар ғылым, экономика және индустрия саласындағы бірқатар құжаттарға қол қойды. Бұл өз кезегінде қазақстанның тұрақты дамуына серпін береді дейді сарапшылар.

Әлішер ӘБДІРЕШОВ, САРАПШЫ:

Қазақстан мұнайды Германия аумағына, олардың мұнай өңдеу зауыттарына тасымалдайтын болады деген уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл, әрине, бюджетке үлкен дивидендтер әкеледі.

Кездесу соңында тараптар бірқатар уағдаластыққа қол жеткізіп, Қазақстан мен Германия арасында 9 құжатқа қол қойылды.