Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Соңғы үш жылда волонтерлар саны үш есеге көбейді

20.06.2023ж. 20:00
800
Соңғы үш жылда волонтерлар саны үш есеге көбейді

Соңғы үш жылда волонтерлар саны үш есеге көбейді. Елімізде 200 мыңнан аса ерікті мен ізгілікпен айналысатын 680 ұйым бар. Бірнеше жыл бұрын еріктілерді елемейтін жұрт, ел басына қиын сәт туғанда олардың қадірін терең түсіне бастады. Әсіресе төтенше жағдай кезінде жақсылық жаршыларының жұмысын көз көріп, құлақ естіді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлардың мәртебесін көтеруді тапсырды. Оларға мемлекет тарапынан қандай көмек беріледі? Аружан Задабек тарқатады.

Волонтер дегенді ықылым заманда тегіннен тегін, айтқанға көнетін, айдауға жүретін адам деп ұққан. Олардың ерлігін түсінбей, «еріккендер» деп атайтындар да болды арамызда. Бірақ елде төтенше жағдай болғанда, қиын қыстау сәтті бастан кешіргенде еріктілерге деген ой да, көзқарас та өзгерді. Алысқа бармай-ақ, бір апта бұрын Абай облысында болған өртті еске түсіріңіз. Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер жалынмен арпалысып жатқанда, волонтерлар үйсіз-күйсіз қалған халыққа көмек қолын созып, жығылғанға демеу болды.

Ислам ФАРХАТОВ, ВОЛОНТЕР:

Видеодан, әлеуметтік желіден қараған басқа әсер, ал сол жерде болған, өрттің ошағын көрген, түтінді көрген мүлдем бөлек сезім. Адамда бөлек қорқыныш пайда бола бастайды.

Томирис ӘЛКЕН, ВОЛОНТЕР:

Бірінші пульс анықтаймыз. Дыхание тексереміз. Науқастың жағдайын қарап, СЛР жасайтын боламыз. Нақтырақ көрсетсек...

Волонтерлар дәл осылай қызмет етеді. Қиындықты елмен бірге еңсереді. Осындайда сұрақ туындайды. Қауіпсіздік шараларынан хабарсыз, маманданбаған тұлғалар «апат» аймағына қалай барады? Олардың өміріне кім жауапты?

Мадияр ҚОЖАХМЕТ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ІСТЕРІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Құтқару операцияларына қатысамыз. Біреуді іздеу немесе біреуге көмектесу операциясына қатысамыз деген, адамдарға үйрету сабақтарын ұйымдастырды. Олар арнайы курстан, өткеннен кейін сертификат ретінде беріліп, бірінші кезекте, осындай құтқару шараларына осы санаттағы волонтерлар шақырылады.

Менің қолымда тұрған бұл киімдерді еріктілер шала туған балаларға арнайы тіккен. Өйткені, мерзімінен бұрын дүниеге келген шақалақтың өмірге бейімделуі үшін бұл тоқыма бұйымдардың ерекше үлесі бар.

Гүлниса ҚҰЛЫМЖАНОВА, «ЖАҚСЫЛЫҚ ЖІПТЕРІ» ҚОРЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бала маскада жатқанда демала алмай сонда бала ұйқтап жатқанда дем алуды ұмытып қалады екен. Мына жүн қышытқан сайын баланы оятады екен. Демал, демал дегендей.

Қазаққа волонтерлық деген түсінік көпке дейін түсініксіз болғанмен қарекеті ұқсайтын әрекет әуелден бар.Содан бері қоғамға мен қажетпін, маған қоғам қажет деп әрекетіне ақша сұрамайтындардың қатары азайған емес.

Захира БЕГАЛИЕВА, «ITEACHME» ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Мен бұл істі бастағанда мұнын волонтерлік жұмыс екенін білмедім. Жәй ғана жақсылық жасауды жаным сүйді. Мектеп кезінен бастап әртүрлі адамдарға көмектестім. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созу міндетім деп есептедім. Волонтер болу мен үшін үлкен, мәртебе.

Қиналғанға көмектес! Қазақы қағида – осы. Адам боп тұрып мұқтаж жанға көмек қолын созбасаң сыннан сытылып кете алмайсың, дегеніңе жете алмайсың дегенді естігеніміз тағы бар. Мұндайда волонтерлар туралы айтар ақпарат көп, мысал мың.