Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Павлодар облысында шаруалар дабыл қақты

20.06.2023ж. 20:00
694
Павлодар облысында шаруалар дабыл қақты

Павлодарлық шаруалар дабыл қағуда. Айтуларынша, Май ауданының халқы биыл малдың қысқы азығын дайындай алмай қалуы мүмкін. Өйткені, қырда шөп жоқ. Жаңбыр жаумағандықтан, күйіп кеткен. Амалы таусылған тұрғындар төтенше жағдай жариялау керек дейді.

Дастан Оспановтың шаруашылығында 500-дей бас төрт түлік бар. Малын қыстан аман алып шығу үшін қазірден жем шөп дайындауға кіріскен. Алайда қырда шабатын көк қалмады деп отыр.

Дастан ОСПАНОВ, ШАРУА:

Шөп шабайық десек шөп жоқ. Құрғақшылық. Енді мал ұстаған соң, мына жерді шабайық десек ол жердің иесі бар. Оған кіргізбейді. Оның иесі бар. Шөп алайық десек қымбат, егін алайық десек егінді қымбатқа сатады. Шөп жоқ шабатын, масса жоқ, жауын жоқ.

Жылда шаруалар Ертіс өзенінің бойындағы нулы алқаптан малдың жем шөбін дайындайтын. Биыл өзен суы тасыған жоқ. Салдарынан жайылмада шабындық құрғап қалған. Амалы таусылған ағайын мал басын азайтуға көшті.

Дәулет МҰХАММЕДРАХИМ, ШАРУА:

Қуаңшылық деген қорқыныш бар. Уже шөп шабу басталды. Мен жігіттерден сұрап жатырмын. Шабуға кірісіп кетті. Масса жоқ - дейді. Өйткені, жаңбыр тамған жоқ. Осында марттың аяғында қар болды. Одан бері жаңбыр көрген жоқпыз біз. Жаңбыр жаумаған соң, қурап барады.

Аймақтың ауыл шаруашылығы басқармасы алаңдауға негіз жоқ - дейді. Малдың қысқы азығын дайындауға қажетті қор барын айтып, арқаны кеңге салып отыр.

Төлеген КӨШЕРБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Май ауданында өзен алқабынан бөлек қырда шөп шабуға арналған үлкен жер бар. Бұл аудан шаруаларының малын толық қамтуға жеткілікті. Десе де, мәселе жоқ емес. Шаруаларға жылдағыдан көбірек шығындалуға тура келеді. Өйткені, жер қурап кетті. Шөптің шығымы аз. Сол себепті де биыл алғаш рет шаруаларға жем-шөп дайындауға арзандатылған 4 мың тонна жанар-жағармай бөлінетін болады.

Бұдан бөлек жем шөп дайындайтын шаруаларға субсидия бермек. Бұған 2 млрд жуық қаражат бөлініпті. Десе де, аудан шарулары мәселені бір жақты шешу үшін төтенше жағдай жариялау керектігін айтады.