Батыс Қазақстан облысындағы өз ісін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлерге мал ұстау қиынға соғып отыр. Түлікті бағатын жер жоқ. Жайылымдық пен шабындықтан тарыққан жас шаруалар енді мемлекет көмегінен үмітті. Өйткені «AMANAT» партиясының араласуымен қазір пайдаланылмай бос жатқан жерлер кері қайтарылып жатыр. Енді осы қайтарылған жер мұқтаж азаматтарға берілсе, ата кәсіпті жаңғыртар жастардың қатары көбейер еді дейді.
Бауыржан САБАНОВ, КӘСІПКЕР:
Бұрыннан жер алып қойған шаруалар бар. Бірақ олар жерін пайдаланбайды. Өздерінің малдары жоқ болғасын, жерді шабуға береді де, содан пайдасын көріп отырғандары бар шыны керек. Енді ол өте үлкен проблема. Ондай адамдар жерлерін қайтаруы керек. Біздер жастарды ауылда ұстап қалу үшін бір кәсіппен айналысуы керек қой.
Облыс бойынша 53 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Халқының жартысына жуығы ауылда тұратын Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған. Сондықтан азық-түлікпен қамтитын шаруаларға жағдай жасалуы тиіс, дейді партиялықтар.
Азамат САФИМАЛИЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ БҚОФ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:
Бес айдың ішінде БҚО-ның «Жер аманаты» комиссиясы 100 пайыз біз жоспарымызды орындадық – жер қайтарылды! Ия, мен осы жұмысты атқара алмаймын, одан да менің ауылымның басқа азаматтары істесін. Енді менің қолым тимейді оған деп ертеректе жерді алып алған азаматтар жерлерін кері қайтарып берді.