Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан ұлттық құрамасы Солтүстік Ирландиядан басым түсіп, 3 ойын қатарынан жеңіске жетті. Мұндай жеңіліссіз сериялар құрамада соңғы рет 26 жыл бұрын болған. Осылайша жігіттер құраманың рекордын қайталады.
Тартысқа толы ойын ұлттық құрама үшін оңай болмады. Матчтың бірінші таймында алаң иелері қысым көрсетті. Біздің жігіттер бір ғана қауіпті шабуыл жасады. Бірақ Максим Самородов мүлт кетті. Одан кейін тайм соңына дейін қорғанысқа көңіл бөлді. Кездесудің екінші жартысында жерлестеріміз шабуылға ден қойды. Жанкүйерлер арасында қазақтың Бенземасы атанған Абат Айымбетов 81-минутта ойынға тыңнан қосылып, 88-минутта Мессидің стильінде жасыл алаңның ортасынан қарсылас құраманың бірнеше футболшысын алдап өтті. Қақпашымен бетпе-бет шығып, жеңіс голын соқты.
Жігіттер «ұпай алып, жанкүйерлерді қуантамыз» деген сөзінде тұрды. Абат Айымбетов Уиндзор Паркте жалғыз голдың авторы атанды. Шабуылшы ұлттық құрама жейдесінде 29 ойын өткізіп, сегіз гол салған.
Абат АЙЫМБЕТОВ, ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА ШАБУЫЛШЫСЫ:
Бүкіл қазақ елін құттықтаймын. Осындай маңызды үш ұпаймен, бұл керемет жетістік деп ойлаймын қазақ еліне. Шын жанкүйерлерге осындай жеңіспен, өз эмоцияммен білдіргім келеді. Рақмет көп-көп!
Матчтан кейін киім ауыстыратын бөлменің атмосферасын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Футболшылардың қуанышында шек жоқ. Бір-бірін құттықтап, мәз-мейрам болды. Құраманың жаттықтырушысы Магомед Адиев жігіттерді жігерлендіріп, ризашылығын жеткізді.
Магомед АДИЕВ, ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАС ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:
Менің ойымша, ештеңе айтудың қажеті жоқ, бәрі түсінікті. Біз өз сөзімізді алаңда дәлелдейміз. Ер адам, кәсіпқой футболшы көп сөйлемей, іспен көрсетуі керек. Сендердің қолдарыңнан келді. Жеңіс оңайлықпен келмейді. Тізеден аққан қан. Жыртылған гедры. Бұл - үлкен жеңістерге жетудің жалғыз жолы. Біз одан да үлкен жетістіктерді көздейміз. Тек осылай ғана өзімізге керегін жұлып аламыз. Жігіттер, Сіздерде мінез бар. Біз оны тағы бір рет көрсеттік.
Аладоп шеберлері ойыннан соң автобуста қазақтың хит әндерін тыңдап, Белфаст қаласын шулатып қайтты.
Төртінші турдың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 9 ұпаймен Н тобында екінші орынға жайғасты. Асхат Тағыберген бастаған жігіттер 7 қыркүйек күні топта көш бастап тұрған Финляндия құрамасын қабылдайды. Жеңісті серияны жалғастыра алсақ, еуропа чемпионатының да ауылы алыс емес.