$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Сирияда қақтығыс уақытша тоқтап тұр

21.06.2023ж. 20:00
1080
Сирияда қақтығыс уақытша тоқтап тұр

Сирия Араб елдері лигасына қайта оралды. Бұл туралы Сыртқы істер вице-министрі Қанат Тумыш Астана форматындағы Сирия бойынша жоғары деңгейдегі халықаралық кездесу барысында айтты. Ол «бұл жайтты процестің басты нәтижесі» деді. Кездесуде тағы қандай мәселелер көтерілді? Толығырақ әріптесім Сүндет Оралбеков айтсын.

Елордада өткен кездесуге Ресей, Түркия және Иранның делегаттары мен Сирия үкіметі және оппозициясының өкілдері, сондай-ақ бақылаушылар қатысты. Сирия бойынша халықаралық форум 2017 жылдан бері 20 рет өткізілген. Оның 18-і Қазақстанда болды. Нәтижесінде Сирия Араб елдері лигасына қайта оралды.

Қанат ТУМЫШ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Осыған байланысты Сирия аймақтағы оқшаулануынан біртіндеп Астана процесінің өз міндетін аса абыроймен атқарып, тәмамдағанының белгісі ретінде тұжырымдауға әбден болады. Осы ретте аталған қол жеткізілген жетістіктерді, назарға ала отырып, Сирия бойынша бүгінгі 20-шы кезекті отырысты Астана процесі шеңберіндегі соңғы шара деп ресми жариялаймыз. Бұл шешімді бірлескен мәлімдемеге енгізуді сұраймыз.

Қазір Сириядағы ахуал түбегейлі өзгерді. Елде қақтығыс уақытша тоқтаған. Сарапшылардың айтуынша, бұл- Астана форматының нәтижесі. Сонымен қатар, Түркия-Сирия қатынастарын қалыпқа келтіру бойынша Жол картасын дайындау мақсатында кепілгер елдер арасындағы консультация нәтижелі аяқталды.

Ақмарал БАТАЛОВА, САРАПШЫ:

Біраз жылдан бері Таяу Шығыста қарулы қақтығыстарды тоқтату мақсатында келіссөздер Орталық Азияда өтіп келеді. Айта кету керек бірінші рет сунниттік Түркия мен шейттік Иран бір үстел басында бас қосып, бірігіп жұмыс жасай алатынын көрсетті. Сол секілді Сирия билігі мен қарулы оппозиционерлер де кездесуге қатысты. Астана форматының тағы бір нәтижесі Сирияда Конституциялық кеңестің құрылуы. Онда қарапайым халық, билік өкілдері мен оппозиционерлерден құралған 150 адам елдің конституциялық олқылықтарын ретке келтірмек.

Күн тәртібіне Сирия төңірегіндегі өңірлік ахуалды өзгерту, терроризмге қарсы күрес, сенім шаралары, оның ішінде кепілге алынғандарды босату және хабар-ошарсыз кеткендерді іздеу мәселелері талқыланды.

Басель Хадж ДЖАСЕМ, САЯСАТКЕР:

Астана форматы әрі қарай жалғасын тапса, Сириядағы қақтығыс тоқтап, босқындар оралуы мүмкін. Қазірдің өзінде бірқатар өзгерістер орын алды. Мұның барлығы Қазақстан ұйымдастырып жатқан дүниежүзілік кездесудің нәтижесі деп нақты айта аламын.

Сыртқы істер вице-министрінің сөзінше, бұл Астана форматы аясындағы соңғы кездесу болуы мүмкін. Ал сарапшылар әлі де жалғасын табатын шығар деген ой айтты.