Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Павлодар облысында былтыр ғана күрделі жөндеу жасалған мектептің төбесінен су сорғалап тұр

21.06.2023ж. 20:00
1204
Павлодар облысында былтыр ғана күрделі жөндеу жасалған мектептің төбесінен су сорғалап тұр

Павлодар облысында былтыр ғана 106 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген мектептің төбесінен су сорғалап тұр. Мектеп басшылығының айтуынша, мердігер жұмысты шала-шарпы істеген. Соның салдарынан оқу ордасының бір бөлігі жарамсыз күйге түсті. 46 млн теңгеге жөнделген ауылдың мәдениет үйі де мектептің кебін киіп тұр. Оның да төбесінен су ағады.

Май ауданына қарасты Саты ауылының мектебі былтыр күрделі жөндеуден өткен. Ол үшін қазынадан 106 млн.теңгеден астам қаражат бөлініпті. Алайда жыл өтпей жатып, төбесінен су ақты. Салдарынан ғимараттың бір бөлігі жарамсыз болып қалды.

Ботагөз СОЛТАНОВА, САТЫ ОРТА МЕКТЕБІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бірақ рет жауында осындай нәтижені көріп отырмыз. Жаз бойы жауын болатын болса, мектебімізге жасалған жөндеу жұмысы қаражаты бәрі босқа кеткен болып есептелінеді. Сондықтан бұл жөндеу жұмыстарының кейбір жері сапасыз деп айтуға да тұрарлық.

Мектеп жанынан салынған шағын футбол алаңының да сапасы көңіл көншітпей отыр. Жаңбыр жауса жасыл алаң суға толады.

Дәурен СОЛТАНОВ, САТЫ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ СПОРТ МҰҒАЛІМІ:

Сапасы төмен. Енді былай қарасаңыздар көзге де көріледі. Мынау бәрі қисық жойық. Суда тұрады. Міне, футбол воротасын алсақ та варитталмаған ештеңесі. Бордюріміз міне деңгейінен гөрі жоғары тұр. Бала құласа, қауіпсіздікке жатпайды. Жарақат алуы мүмкін.

Ауылдағы мәдениет үйінің де жайы мәз емес. Оны жөндеуге қазынадан қыруар қаражат жұмсалған. Алайда, жауын жауса оның да төбесінен су сорғалайды.

Ағыбай ӘМІРИН, МАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

«Градстрой» деген мердігер жасаған. Оларға біз хат жолдадық, екі қабат жолдады білім бөлімі. Осы дүйсенбі күні олар кіреді. Барлығын жөндейді. Біз бәрін тізіп жазып бердік. Қай жері түсіп жатыр. Мәдениет үйі бойынша да мердігерге хат жолданды.

Аудан әкімінің сөзінше, екі ғимараттың да кепілдік мерзімі бар. Егер мердігерлер нысандарды қалпына келтіруден бас тартса, сотқа беретінін айтты. Ал сапасыз ғимараттарды кімнің қалай қабылдап алғаны беймәлім.