Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қостанайда қос шенеунік пен кәсіпкерге қатысты сот үкімі шықты

AstanaTV
07.04.2016ж. 20:00
1482
Қостанайда қос шенеунік пен кәсіпкерге қатысты сот үкімі шықты

Қостанайда экс-шенділер мен серіктестік директоры жазаға кесілді. Қалалық сот қала әкімінің бұрынғы орынбасары Фрунзик Аракелянға 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Дәл осындай мерзімдегі жазаны құрылыс компаниясының директоры Александр Бобровный да арқалады. Ал қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің бұрынғы басшысы Жеңіс Шинкин 9 жылға түрмеге тоғытылатын болды. Сот үкімімен экс-шенеуніктер өмір бойына мемлекеттік қызметтен аластатылды. Ал кәсіпкер қаржы саласында қызмет атқару құқығынан айрылды. Үшеуінің де дүние-мүлкі тәркіленетін болады.

Батырбек Құдабаев, Қостанай қалалық  № 2 сотының судьясы:

Олар өз кінәларын мойындамай, бәрін жоққа шығарды. Бірақ сот айыпталушылардың әрекеттеріндегі өзара сөз байласуды негізге ала отырып, осындай жаза кесті. Егер екеуінің арасында алдын-ала келісім болмаған жағдайда, айыппұлмен құтылар еді.

Еске салайық, экс-шенділер, көшелерді абаттандыру мен мұз қалашық салуға бөлінген қаржы есебінен оңай олжаға кенелмек болды, деп айыпталған. Қылмыстық іс материалына сәйкес тендер өткізу барысында жемқорлыққа жол беріп, жеңімпаз деп танылған фирмалардан қомақты ақша алған. Фрунзик Аракелянға бірнеше адамнан алдын-ала келісім бойынша пара алды деген айып тағылса, Жеңіс Шинкин лауазымды тұлғаның кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуы, бірнеше рет ірі көлемде пара алу, пара беру және сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу бойынша жазаға кесіліп отыр. Соңғы бап кәсіпкер Бобровныйға да қатысты. Атышулы іс  қалалық сотта 3 ай қаралды.

Заңғар САНАЙ