$516.01 €582.47 ₽6.26
×

Түлектер аттестаттарын қоқыс жәшігіне тастаған

AstanaTV
22.06.2023ж. 21:00
1273
Түлектер аттестаттарын қоқыс жәшігіне тастаған

Әлеуметтік желіде түлектердің мектеп аттестаттарын қоқыс жәшігіне лақтырып жатқаны түсірілген видео тарады. Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі видеоға қатысты пікір білдірді.

Instagram әлеуметтік желісіндегі Krisp_almaty паблигінде қазақстандық түлектердің елдің елтаңбасы бейнеленген мектеп аттестаттарын лақтырып жатқан видеосы жарияланды. Бұған қатысты әлеуметтік желі қолданушылардың пікірі екіге бөлінген: біреулер жастардың қылығын айыптаса, енді бірі олардың әрекетін ақтаған.

"Үздіктер болса, бұлай жасамас еді. Бұлар лақтырып, хайп жасап, қайтадан алып жатыр", "Өйткені, біздің біліміміз бағаланбайды", - деп жазды пікір қалдырушылар.
"Мұндай видеодан кейін біз жүйеміз, жастарымыздың адамгершілігі туралы ойлануымыз керек", "Оларды да, олардың ата-аналарын да мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін қатаң жазалауымыз керек", - дейді енді бір желі қолданушылары.
Осы жайтқа қатысты Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір бұл видеоға түскен түлектердің жеке басын анықтау жұмыстары жүріп жатыр. "Білім беру басқармаларына оқушылар мен мектеп түлектеріне, ата-аналар қауымына осындай фактілердің алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша ұсыныстар берілді", - деді Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы Мереке Нұрмұханова.