Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Мұғалім оқушысын таяққа жықты

AstanaTV
14.10.2016ж. 20:00
3590
Мұғалім оқушысын таяққа жықты

Батыс Қазақстан облысындағы Қазталов ауданында оқушының денсаулығына зақым келтірген мектеп мұғалімі қызметінен кетті. Ал дәрігерлер оқушының оң жақ аталық безін алып тастады. Іле-шала Облыстық ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғады. Еркин Қарин оқиғаның мән-жайын білді.

Еркін Карин, тілші:

Оқиға Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданындағы Қараоба ауылында болған. Ауылдағы алаңда ойнап жүрген оқушыларды мұғалімдер үйіне қайтармақ болады. Шатақ осы кезде шыққан.

Руслан Жұмағұлов, Қараоба ауылы Ғұмар Қараш атындағы мектеп-гимназияның директоры:

Ойын ойнап жатқан жерінде мұғалімдер үйге қайтыңдар дейді ғой. Сол кезде бала шығып бара жатқанда дөрекі сөйлеп қалған. Военрук: "Неге дөрекі сөйлейсің", - деп аяғын сермеп қалған, теуіп қалған ғой. Бәріне өзі өкініп отыр. Коллектив түгелдей, бізге де оңай болған жоқ. Бала да өзіміздің үлгілі оқушыларымыздың бірі, мұғалім де солай.

Зардап шеккен оқушының әкесі Олжас Сүндетовтің сөзінше, мұғалімдер ұлын үйіне жібермей, дәрігерге өздері қаратпақ болған. Ал баласы мұғаліммен кикілжің болғанын әкесінен жасырыпты. Егер не болғанын сол кезде жасырмай айтса, ұлымның денсаулығына зиян келмес еді, деп өкінеді әкесі.

Олжас Сүндетов, баланың әкесі:

Баламды, айтпа деп, қорқытып қойған болуы мүмкін деп ойлаймын. Қолы шығып кетіп, аяғы сынып, мұрны бұзылып жатса, мен көп әріге бармас едім. Шыққан қол салынар, мұрын түзелер. Бірақ ұлым аталық безінен айрылды. Оларға ешқандай кешірім жоқ!

Жанды жерінен ауыр соққы алған 10-шы сынып оқушы сол күні аудандық ауруханаға жатқызылады. Бір апта емделсе де, жағдайы түзелмеген жасөспірімді әкесі облыс орталығындағы ауруханаға жеткізеді. Баланы тексерген дәрігерлер оның аталық безіне қатты зақым келгенін анықтапты.

Флюра Саматова, БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

Консилиумнан кейін ота жасау туралы шешім қабылданып, бірден операция жасалды. Операциядан кейінгі жағдайы қанағаттанарлық, қазір жеке палатаға шығарылды. Өздігінен жүріп-тұра алады. Жалпы жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылық жағдайлары тіркелсе, олардың барлығы денсаулық сақтау басқармасымен құзіретті органдарға жеткізіледі.

Полиция адам денсаулығына қасақана зиян келтіру дерегімен қылмыстық іс қозғады. Баланы бір апта бойы емдеген аудандық аурухана да тексерілетін болады.

Руслан Ғалиев, БҚО ІІД ЖПБ ювеналдық полицияның бастығы:

Қазір ауданда тергеу тобы құрылып, болған жайды анықтап жатыр. Мұғалім ешқайда кетпеу туралы қолхат берді. Егер кінәсі дәлелденсе, заң бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жалпы мұндай жағдай облыста бірінші рет тіркеліп отыр.

Еркін Карин, тілші:

Қараоба ауылдық мектебінің директоры Руслан Жұмағұлов оқушыны соққыға жыққан әскери дайындық пәнінің мұғалімі өз еркімен қызметінен кеткенін хабарлады. Әскерден келген жігіттің мектепке орналасқанына көп бола қоймаған. Қазір тарих пәні мұғалімінің де осы іске қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. 

Еркін КАРИН