Алматыда газбен және электр қуатымен жүретін автобустар үлесі 46%-ке дейін артады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев айтты.
«Қоғамдық көлікті экологияландыру үшін газбен жүретін 600 жаңа автобус және коммуналдық парк үшін 100 троллейбус сатып алынады. Ондағы 100 автобус биыл шілдеде (қалған 500 автобус пен 100 троллейбус – желтоқсанда) алынады. Сондай-ақ, шілде соңына дейін 100 мектеп автобусы сатып алынады», – деді қала басшысы елордада орталық коммуникациялар қызметінде.
Бұған қоса, осы жылдың басынан бастап 5 жаңа автобус бағыты ашылды.
Алматы облысындағы 200 мың тұрғыны бар 89 елді мекенді қамтыған 10 қала маңындағы маршрутты ашу жоспарға енген.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде газбен және электр қуатымен жүретін автобустардың үлесі 2023 жылы 46%-ке дейін артады, дизельді автобустардың үлесі 41%-ке дейін төмендейді.