18-21 маусым аралығында Ресейдің Үлкен театрының тарихи сахнасында «Benois de la Danse» халықаралық балет фестивалі өтті.
Театр баспасөз қызметінің мәліметінше, аталмыш шарада Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші балет солистері Малика Ельчибаева мен Богдан Вербовой халықаралық фестивальде дипломант атанды.
Номинанттардың қатарында 6 жетекші классикалық ұйымның және әртүрлі елдердің заманауи ұжымдарының солистері қатысты.
Олар – Ресейдің үлкен театрыны, Мариин театрыны, Қытай ұлттық балет театры, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры, Юниверсал балетінің (Сеул), Новосибирск опера және балет театрының солистері өнер көрсетті.
«21 маусым «Бенуа де ла Данс жұлдыздары» атты - әр жылдардағы лауреаттардың гала - концерті өтті. Кеш бағдарламасына би өнерінің түрлі стильдері мен бағыттарының туындылары кірді. Кеште, Малика Ельчибаева мен Азамат Асқаров Тимур Мыңбаевтың «Фрескалар» балетінен адажио, ал Богдан Вербовой мен Жанель Тукеева Сергей Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балетінен адажио орындады»,- деп атап өтті театрдың баспасөз қызметінен.
Айта кетейік, театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Халық әртісі –Гүлжан Түткібаева, Ресей Федерациясының халық әртісі, «Ла Скала» Милан театрының және Үлкен театрдың прима-балеринасы Светлана Захарованың шақыртуымен осы фестивальдің қазылар алқасының мүшесі болды.
Benois de la Danse — 1991 жылы 29 сәуірде би күніне арналған халықаралық хореографтар одағымен құрылған дәстүрлі балет фестивалі. Алғашында түрлі балет мектептері мен заманауи бағыттағы үздік өкілдері жиналатын әлемдік қойылымдар өткізілетін балет гала-концерті ретінде ойластырылған болатын.