Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қырғи-қабақ соғысы қайта басталды ма?

AstanaTV
15.10.2016ж. 20:00
5794
Қырғи-қабақ соғысы қайта басталды ма?

Осыдан 30 жыл бұрын 11-қазанда Исландия астанасы Рейкьявикте кеңес өкіметінің басшысы Михаил Горбаечев пен АҚШ президенті Рональд Рейган бірінші рет арнайы кездескен-ді. Онда жаппай қырып-жоятын қаруларды қысқарту туралы Келісімге қол қойылмаса да, дүниені екіге бөліп тұрған қарама-қарсы елдердің басшылары арасындағы мұзды еріткен жүздесу етін. «Горбачев пен менің арамда «химия» пайда болды»,- деген Рейганның өзі кейін. Ал кеңесшісі болған Кен Аделман «2 тәулікке созылған келіссөздер қырғи-қабақ соғысын аяқтады», деп жазған, естелігінде. Яғни осы аптада - қазанның 11-де қырғи-қабақ соғысы аяқталуының отыз жылдығын атап өтуге болатын, АҚШ пен Ресей. Бірақ... Бірақ осы аптада Ресейдің  Қорғаныс министрлігі кеңес одағы кезінде әскери база болған елдерде қайтадан база ашу мүмкіндіктерін қарастырып жатқандарын мәлімдеді. Әрине, әңгіме бірінші кезекте Куба мен Вьетнам туралы. Қорғаныс министрінің орынбасары Мемлекеттік Думасында айтқан. Ал Ресей президентінің баспасөз-хатшысы Дмитрий Песков «жылдам өзгеретін халықаралық жағдайды ескере отырып, мемлекеттердің ұлттық мүддесіне сай, белгілі-бір қадамдар жасауы заңдылық дегенге саятын комментарий берген. Осының алдында Қорғаныс министрі Сергей Шойгудің өзі Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Арменияда әскери базаларын дамытатындарын мәлімдеген-ді. Сонымен Ресей мен БАТЫС әлемінің текетіресі тереңдеп барады.Жап-жаңа мысал, В.Путин Парижге бармай қойды. Ф.Олланд  Кремльдің Сириядағы әскери «қылмысы» туралы айғайлап бастаған. Жаңа «қырғи-қабақ соғысы» туралы Азамат Алдоңғаров.

Ресей мен Америка Құрама Штаттары арасындағы жағдайдың ушыққаны соңғы апталардағы әлемдік БАҚ-ң ең актуальді тақырыбы. Арасы суыған Ақ үй мен Кремльдің ресми мәлімдемелерін екі тарап қана емес, күллі әлем дем ұстап бағып отыр. Сириядағы Ресей әскері мен АҚШ бастаған, Ислам мемлекеті содырларына қарсы коалицияның өзара түсінесе алмауынан басталған ши, Ресей шенділерінің Куба мен Вьетнамда әскери базаларын жандандырамыз деуімен жағдайды ушықтыра түсті. Екі алыптың қырғи-қабақ соғысының куәгерлері, Ресей мен АҚШ Кариб дағдарысына қайта тап болды, соғыс қаупі туындауы бек мүмкін,- деген болжамдарын айта бастады. Беделді саясаттанушылар бұл жолғы шиеленіс жай бәсекенің базарынан асып түсті деген пікір айтады.

Досым Сәтпаев саясаттанушы:

Владимир Путин соңғы кезде Ресейдің әлемдегі геостратегиялық басымдығын арттыру ниеті бар екенін ашық айтып жүр. Ол әлбетте шет мемлекеттердегі әскери базалардың орналасуымен қамтамасыз етіледі. Және Ресейдің Сирия кампаниясына араласуының бір мақсаты, кезіндегі Кеңес одағындағыдай, әскери базаларын жандандырып, кеңейту болатын. Кезінде түрлі себептермен кетуге мәжбүр болған Ресейдің сырттағы әскери  позицияларын қайтарып алу ойы бар, ол жасырын емес. Бүгінде Ресей мен АҚШ қарым-қатынасы тіпті қырғы қабақ соғыс деңгейінен асып, асқынып тұр. Украинадан басталған жанжалдың үстіне Сириядағы жағдай май құя түсті.

Владимир Путин мен Барак Обама Сирия бойынша бір бітімге келгендей көрінген. Сыртқы саясат ведомстволарының жетекшілері Сергей Лавров пен Джон Керридің келіссөздері арқылы. Алайда кейін ресми Мәскеу мен Вашингтон сириялық Алеппо-дағы операция барысында бір-бірін кезекпе-кезек гумманитарлық керуенді талқандады деп айыптап, шартпа-шұрт бола қалды.

Владимир Путин Ресей Президенті:

Американские партнеры по сути отказываются от того чтобы это сделать. То ли не могут этого сделать, то ли по каким то причинам не хотят.

Бұл Ресей басшысының Түркия президенті Режеп Ердоғанның Ресейге жасаған сапары кезінде айтқан иронияға толы сөзі еді. Сирия бойынша Путин мен Обаманың келісімі бұзылғаннан кейін, Еуропалық Одақтың Ресейге деген интонациясы өзгерді. Дәлірегі – бұрын еуропалық этикеттен аспайтын олар, кәдімгідей өктем сөйлей бастады. Мәселен, Франция президенті Франсуа Олланд Ресей бейбіт тұрғындарды атқылап, саяси қылмыс жасады деп айыптап, сотқа тартамыз деп сес көрсетті. Мағыналас мәлімдемені кейін Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Борис Джонсон да жасады. Басталған ақпараттық тартысты Ресей Қорғаныс Министрі орынбасарының мәлімдемесі қыздырды. Думада болған жиында Николай Панков Ресей, Кеңес Одағының Куба мен Вьетнамдағы бұрынғы базаларына оралуын қарастырып жатыр деп салды. Мәлімдеменің ізімен біз де Кубаның Қазақстандағы елшілігіне сауал жолдадық. Елшілік ешқандай нақты шешім жоқ деп, бізбен тілдесуден үзілді-кесілді бас тарты.

Мәулен Әшімбаев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы:

-Бұл енді халықаралық жағдайға дұрыс септігін тигізбейтіні анық. Онсыз да шиеленісіп тұрған жағдай, таяу шығыста да, сирияда болып жатқан жағдайды көріп отырмыз. Екі ел арасындағы дағдарыстың әсерінен бүгін Сирияда қиын жағдай болып жатыр. 

АҚШ-ң Қазақстандағы елшігінің өкілдері де екі елдің ынтымақтасуын қалайды. Ал Ресейдің АҚШ бүйірінен Кубада әскери базасын қайта құруына қалай қарайсыздар деген сұраққа, бұл Ресей мен Куба арасындағы мәселе деп, дипломатия шеңберінен шықпады. 

Рен Елхай, АҚШ Қазақстан Республикасындағы пресс-аташесі:

 Ақпаратты оқыдым, әзірге бұл тек ақпарат ғана. Анық-қанығын білмегендіктен, бұл сұрақты тікелей Куба мен Ресейден анықтағандарыңыз жөн шығар. Бұл менің құзыретімдегі сұрақ емес. АҚШ-ң бұған жауапты өз адамдары бар.

Дипломаттың пікірін кей сарапшылар да қолдайды. Саясаттанушы Рустам Бурнашев, Ресейдің мәлімдемесі «әлем не дер екен?» деген шолу ғана деп біледі.

Рустам Бурнашев саясаттанушы:

Менің ойымша бұл жай ғана Ресейдің сыртқы саяси маневрге мүмкіндігі бар, халықаралық жағдайға, әскери һәм саяси тұрақтылыққа ықпал ете алады деп,- бір қайырып тастап, көптің реакциясын бағу әрекеті ғана.

Досым Сәтпаев саясаттанушы:

Меніңше, келіссөздер басталған күннің өзінде, Куба да, Вьетнам да қатты саудаласуы ықтимал. Бұл жерде бәрін үлкен ақша шешеді. Ал Ресейдің ол саудаға экономикалық мүмкіндіктері жетеді ме деген мүлдем басқа сұрақ. Қазір Ресей тарабы дағдарысқа байланысты Орталық Азиядағы кей жобаларын қысқартуға мәжбүр. Сондықтан меніңше Мәскеудің геосаяси мақсат-мұраты оның экономикалық мүмкіндіктерінен асып түсетін сияқты.

Досым Сатпаев Куба-Америка қарым-қатынасының жарты ғасырлық үзілістен кейінгі татуласуының құны тым қымбат дейді. Экономикалық күйзелістегі Куба Вашингтонның жылы қабағын барынша пайдалануға тырысатыны сөзсіз. Державалар арасында қолжаулық болудың соңы немен аяқталатынын олар жақсы біледі.

  Вьетнам да Қытай теңізі бойынша проблемасында АҚШ-қа көбірек сенім артады. Сондықтан ресми Ханой ешбір мемлекетпен үшінші бір мемлекетке қарсы достық құрмаймыз деп, Ресей билігінің ниетін қош көрмейтінін мәлімдеп үлгерді. Қалай дегенмен, Ресей де, АҚШ та өз айтқандарынан қайтпақ емес. Ал Ресейдің 2000-шы жылы АҚШ-пен жасасқан плутонийді, ядролық қару жасайтын шикізатты, жою жөніндегі келісімді орындаудан бас тартуы, күллі әлемді қобалжытпай қоймайды. Екі түйе жанасса шыбын өлетінін жақсы білетін Ангела Меркель де, Парижге барудан бас тартқан Ресей басшысын Норманд төрттігімен қосып Берлинге шақырыпты. Еуропалық Одақ мүшелері Батыс пен Ресейдің қарсылығын бұдан әрі өршіту күллі әлемге қауіп екенін түсінеді.

Владимир Познер, Лента.ру порталына берген сұхбатынан:

Мы слабее Соединенных Штатов...

Азамат Алдоңғаров, «Біздің уақыт».