Ақбота Керімбекованың ұлы Біржан Шалқар алғаш рет өзінің әкесі жайлы сұхбат берді. Бұл туралы ол "Өмірдің өзі" бағдарламасында әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Өнер иесінің ұлының айтуынша, мектепте оқып жүрген кезінде толыққанды отбасында өмір сүру мен әкесіз өсудің айырмашылығын түсінген.
"Өтпелі кезеңде, 13-14 жас шамасында мектепте оқып жүрген кезде қарама-қарсы сыныпта оқитын бір баламен кішігірім қақтығыс болды. Ер бала болғаннан кейін болады ғой. Екеуміз сөзге келмей, кішкене жағаласып қалдық. Сабақ біткеннен кейін сол бала "жүр сөйлесейікші" деп шақырып алды. "Жүр" деп бардым. Бір машинаға қарай апарды. Машинаға кірсем, сол баланың әкесі отыр екен. Әкесі менен "Есімің кім" деп сұрады. "Бәріміз қазақтың баласымыз, ұрыспай жүріңдер" деген сияқты ақыл-кеңесін айтқан болатын. Сол кезде түсіндім. Мен осындай сөздерді досымның әкесінен естідім. Ол кісі де әкемдей болып кеткен. ...Ол кезде біз кішкентай болдық. Анам басқа салада, әкем басқа салада. Араларындағы түсініспеушіліктен болды ғой деп ойлаймын. Әкем қандай болса да менің әкем. Жеке өмірлері - жеке шешімдері", - дейді ол.