$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Бұрын халық әкімді іздейтін, қазір депутаттан сұрайды», - Е.Қошанов

29.06.2023ж. 20:00
813
«Бұрын халық әкімді іздейтін, қазір депутаттан сұрайды», - Е.Қошанов

«Бұрын халық әкімді іздейтін, қазір депутаттан сұрайды». Ерлан Қошанов «AMANAT» партиясы атынан сайланған мәслихат депутаттарының республикалық форумында осылай деді. Бұл халық қалаулыларына артылған жүктің ауыр салмағын көрсетеді. Партия Төрағасы келелі басқосуда халықтың орындалмайтын тілек айтпайтынын ескеріп, берген уәденің сапалы әрі уақытылы орындалуын тапсырды. Алғаш рет ұйымдастырылған шарада тағы қандай өзекті мәселелер қозғалды? Аружан Задабек тарқатады.

Елімізде 3,5 мың депутат бар. Оның 75 проценті «AMANAT» партиясынан сайланған. Олардың бәріне ортақ бір миссия бар. Ол - мемлекет пен халыққа адал, риясыз қызмет ету. Иә, қазір қоғамның сұранысы өскенін мойындау керек. Десе де, жұрт мүмкін емес нәрсені сұрамайды. Сондықтан реформалардың нақты нәтижесін көрсететін, бел шешіп жұмысқа кірісетін кез келді– деді партия төрағасы.

Ерлан ҚОШАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Сіздер – партияның жергілікті жердегі өкілісіздер. Бүкіл өңірлік саясатқа ықпал етесіздер. Сіздердің мойындарыңыздағы жүк жеңіл емес. Бұрын халық әкімді іздейтін, қазір депутаттан сұрайды. Не жағдай болса да, «AMANAT» қайда?» дейді. Оны өздеріңіз де сезініп жатқан шығарсыздар. Біз осы сынаққа дайын болуымыз керек.

Депутаттар сайлаушылардың мүддесі үшін қызмет етеді. Солай дегенімізбен, жергілікті жерде бірқатар кемшіліктің бар екені жасырын емес. Азаматтар көбіне әділетсіздікке тап болады. Сөйтіп әділдік іздеп Астанаға сабылады. Депутаттармен, министрлермен, тіпті Мемлекет басшысымен кездесуді талап етеді. Бірақ айналып келгенде, сол проблемалардың көбі - өңірлік деңгейде шешілетін нәрсе. Сондықтан барлық мәселені орталыққа ысырып қоятын әдеттен арылғанымыз жөн – деді Ерлан Қошанов.

Ерлан ҚОШАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Әлемдегі күрделі геосаяси, геоэкономикалық ахуалды көріп-біліп отырсыздар. Осындай аумалы-төкпелі кезеңде ел Президенті бұрын-соңды болмаған түбегейлі институционалды өзгерістерді қолға алды. Бұл бір жағынан орасан тәуекел болса, екінші жағынан мемлекеттік басқару жүйесі мен қоғамды сауықтырудың, жаңару мен жаңғырудың жалғыз әрі төте жолы.

Мәслихаттармен бірге Парламенттің төменгі палатасы 70 процентке жаңарды. Саяси бәсекелестік күшейді. Жаңа партиялармен қатар өзін-өзі ұсынған жаңа депутаттар келді. Тиісінше, шынайы бәсекелестік пайда болды.

Ерлан ҚОШАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз – бір командамыз! Партиялық тізіммен және бір мандатты округтен сайланған депутаттардың құзыреті де, жауапкершілігі де бірдей. Бір мандатты депутаттар халықтың сенімімен, партияның қолдауымен сайланған. Сондықтан, партия сіздерді жалғыз қалдырмайды. Бұған дейін де қолдап келгенбіз және қолдай береміз.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент реформаларының мәні - негізгі саяси институттарды нығайту – деді. Өйткені, ол -мемлекеттіліктің тірегі. Референдум қоғамды жаңа деңгейге көтерді. Президент және Парламент сайлауының қорытындысы осының айқын көрінісі.

Ерлан ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:

Бүгінде елімізде бірқатар нысаналы реформалар жүзеге асырылып жатыр. Саяси жүйе қайта қаралды. Мемлекеттік жұмыстардың мәртебесі түбегейлі өзгерді. Бірақ құндылықтар өзгермейінше, реформалардың толыққанды іске аспайтынын түсінуіміз керек. Мемлекет пен қоғам жаңа сатыға көтерілуі үшін халықтың санасы өзгеруі қажет.

Президент «Ұлтты білім, ғылым мен мәдениет қалыптастырады» деді. Мемлекеттік кеңесші де осы арқылы қоғамның үш тірегі орнығатынын айтты.

Ерлан ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:

Біз инклюзивті ашық қоғам қалыптастыруға ұмтыламыз. Бірақ оны жүзеге асыру үшін қоғамның, азаматтың өзі өзгеруді қажет етуі керек. Ол үшін жауапкершілігі жоғары, саяси мәдениет қалыптасуы қажет. Біздің алдымызда құндылықтар мен саяси көзқарастарды қалыптастыратын өте үлкен, ауқымды жұмыстар тұр.

«Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған міндеттер бәрімізге ортақ. Сондықтан мықты нәтижеге қол жеткізу үшін бірлесіп жұмыс істеу маңызды» дейді Премьер-Министр.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Үкімет жергілікті атқарушы органдармен бірлесе тығыз жұмыс істейді. Осы орайда мәслихаттардың да рөлі өте маңызды. Күш-жігерімізді бірлесіп отырып қана алға қойған барлық міндеттерді орындай аламыз.

Партияның атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев депутаттар реформаларды табысты іске асыратынына сенім білдірді.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Біздің партияластар бұдан әрі де өз тәжірибесі мен біліктілігін, Мемлекет басшысы қолға алған түбегейлі саяси реформаларды табысты жүзеге асыруға жұмсайды деген сенімдеміз. Алға қойған міндеттерді абыроймен орындап, еліміздің дамуы мен өркендеуі үшін бар күш-жігерімізді аямай жұмсауға біз дайынбыз. Осы мақсатта партияластар көк тудың астында жұдырықтай жұмылып бірлігімізді көрсетейік.

«AMANAT» – бұл еліміздегі ең ірі, ықпалды саяси күш. Оның 800 мың мүшесі, 2,5 мың мәслихат депутаты бар. Олар халық сенімінің арқасында басым дауысқа ие болды. Енді сол үмітті ақтау – зор жауапкершілік. Форумға келген депутаттар оны терең түсінетінін айтып, ел игілігі жолында аянбай еңбек ететінін жеткізді.