Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

15 миллион теңгеге сатылған қошқар жұртты таңғалдырды

AstanaTV
30.06.2023ж. 14:01
1031
15 миллион теңгеге сатылған қошқар жұртты таңғалдырды

Журналист, асыл тұқымды қошқарларды өсірумен айналысатын Берік Сұлтан "Максиус" атты қошқарын 15 миллион теңгеге сатқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол Желідегі парақшасында жастарды мал шаруашылығымен айналысуға шақырып, сатылған қошқардың ерекшелігі неде екенін айтқан.

"Ағайындар, Қазақстанда қой шаруашылығы бойынша тарихи күн бүгін. Максимус ең қымбат бағалардың біріне сатылып жатыр. 15 миллион теңгеге қызыләскерлік Аманжол бауырымызға сатылды. Алла берекесін берсін. Көбейсін, қозысын алыңдар, береке табыңдар. Мотивация болсын жастарға, бір көрсетіп қояйық. Өйткені "қошқар, шынында да, осыншаға сатылды ма? Мүмкін емес" дейтін адамдар да бар ғой, жоқ емес. Жастар қошқармен айналысыңыздар, қой бағыңыздар. Максимус көрменің екі дүркін чемпионы болған. Түбі Қуаныш Мықтыбаев ағамыздың шаруа қожалығынан шыққан, өзіміздің қазақстандық өнім, Қазақстанда туған қошқар. Өте атақты қошқарлардың бірі, елдің бәрі Максимусты таниды", - дейді видеода Берік Сұлтан.

Желі қолданушылары бірауыздан саттықтың берекесін беруін тілеген.

"Бәрекелді, берекесін берсін! Айт құтты болсын!", "Максимусты қимай қалдым өзімдікі сияқты", "Мықты, берекесін берсін!" - деп жазған әлеуметтік желідегілер.

Берік Сұлтан бұл салаға қалай келгенін әңгімелеп берді. Оның айтуынша, алғашында балаларына ермек болсын деп бастаған.

"Қой шаруашылығымен айналысып жүргеніме үш жылдан асты. Қалалық жерде тұрамыз, өзіміз сияқты бала-шағамыз малдың арасында өсіп жатқан жоқ. Балаларымыз қалалық болып, малдан жиіркенетін бала болып кетпесін деген ниетпен үйге кішкентай екі-үш қозы алып келгенмін. Бұл шаруаны баланың айналысатын ісі болсын, түбі ауыл екенін білсін деген ниетпен бастағанбыз. Бертін келе өзіміз қызығып, хоббиге ұласты. Қарапайым емес, ет және май бағытындағы асыл тұқымды қошқарларға қызығып, соларды алдым. Қой сатып алып, қошқарлар қойып, төлін алып, осы саламен айналысып жүрмін. Толық кәсіпке айналдырған жоқпын, хобби. Негізгі мақсат - балалардың жауапкершілігін шыңдау. Қойға қараған, уақытылы жем-шөбін берген баланың бойындағы жауапкершілігі шыңдалады", - дейді ол.

Берік Сұлтанның сөзінше, бұған дейін сатылған қошқарлардың ішінде ең қымбаты Максимус болып отыр.

"Максимус сатылған қошқарлардың ішіндегі ең қымбаты. Оған дейін де Қырғызстанға 4500 долларға екі қошқар, 4000 долларға бір қошқар сатқанмын. Максимустың 3 айлық қозысын бір миллионға саттым", - дейді ол.

Себебі оның өзіне тән бірнеше ерекшелігі бар. Берік Сұлтан Максимустың 4 қозысы қалғанын, бір қозысы әлеуметтік желіде 5 миллион жинағанын айтты. 

"Бұл қошқар Қазақстанда өткен көрмеде ет және май бағытындағы қошқарлардың ішінде бой жағынан екі дүркін чемпионы болды. Бойы өте биік. Қошқар төл беруімен бағаланады. Максимустың ерекшелігі сол - төлдерін де өзіне ұқсатып береді. Құлағының ұзындығы - 20 сантиметр. Бойы көрмеде 106 сантиметр көрсетті. Қазір 3 жаста, әлі үлкейеді", - деп түсіндірді Берік Сұлтан.

Бұған дейін Максимусты 10, 13 миллион теңгеге сұрағандар да болыпты.

"Негізгі сатпаймын деп отырғанмын. Түнгі сағат 1-ге дейін хабарласып, қоймай сатып алып кетті. Тағы төлін аламын деп ойлағанмын. 15 миллионға сатамын деп бұған дейін бір айтқаным бар еді. 10 миллионға, 13 миллионға сұрағандар болды, сатпай қойғанмын. Осы жігіт айтқан бағама алып кетті", - дейді Берік.

Мал шаруашылығымен айналысудың тәрбиелік мәні де бар. Бұл жігіттер қауымына хобби де бола алады.

Жігіттің айналысатын бір хоббиі болуы керек. Жігіттің хоббиі болмаса, бірігіп жиналып кальянға барады, клубқа кетіп қалады. Уақытын жаман нәрселермен өткізеді. Хоббиің жылқы, қошқар бағу болса, бос уақытыңды соған жұмсайсың, сергисің, рахаттанасың, - деп түйіндеді әңгімесін ол.