$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Атырауда түрлі тұрғын үй бағдарламасымен үй алған халық шу көтерді

30.06.2023ж. 20:00
1060
Атырауда түрлі тұрғын үй бағдарламасымен үй алған халық шу көтерді

Жарнамасы жылтыр болғанымен, кемшілігі көп. Атырауда түрлі тұрғын үй бағдарламасымен үй алған бұқараның құрылыс компаниясы басшылығына өкпесі қара қазандай. Әу баста әдемі жарнамадағы уәделерін орындамай, қашқақтап, уақыт созып жүр дейді. Несиеге алған үйдің кем-кетігін жөндеп шаршадық деген тұрғындармен тілшіміз кездесті.

Нұрсая ықшам ауданындағы 7 және 7 «А» көп қабатты үйлерінің алды әлдеқашан ағашпен көмкеріліп, балалар ойын алаңы болуы тиіс еді. Алайда тұрғындардың айқайымен былтыр ғана әупірімдеп көлік жүретін жол төселген. Одан өзге де кемшілік көп. Жеделсаты жиі істен шығады. Қазірдің өзінде кәріз желісі тозды, қыста жылусыз қаламыз ба деген уайым мазалайды көпшілікті.

Аэлита ӘДІЛОВА, ТҰРҒЫН:

Әлі күнге дейін оң және сол жақ қанатымызда әлі автотұрақ жоқ. Балалар алаңы жоқ. КНС мәселесі бар, су арнасы әлі бізді қабылдаған жоқ. Әкімге бардық, қабылдасын деп тапсырма берілді. КНС әлі күнге дейін КСК мойнында тұр, әлі су арнасына өтпеген. Біз ескерттік мынананың бәрі жарылып, біз жылусыз қалуымыз мүмкін.

Мәншүк ОМАРОВА, ТҰРҒЫН:

Біз ипотеканы төлейміз бе, ауланы көріктендірумен айналысамыз ба? Білмеймін, басымыз қатып кеттік. Госорганның бәріне жаздық, құзырлы органдарға, бір-біріне сілтейді, акимат жкх бар дейі. Жкх жекеменшіктің атында дейді. ол жекеменшікке рұхсат бермей ме, стандарттар қайда. Құзырлы органдар тексермей ме?

4 және 9 қабатты үйлерді салған- «Еркін Менеджмент» компаниясы. Қос үй тұрған аумақ әлі солардың меншігінде. Тұрғындар кәріз құбырын орталық жүйеге қосуды талап етуде. Компания өкілдері түрлі сылтаумен, уақыт өткізіп, кемшілікті жоймай отыр деп өкпелі. Алайда тұрғындармен кездесуге келген компания өкілі жауаптан жалтарып, тұрғындардың сауалына нақты жауап бере алмады.

Игорь БАРАБАШ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Кәріз құбыр станциясы 2017 жылы салынды. 2 жыл кепілдігімен. Біз бұл екі жылда тазаладық та, насос істен шыққанда жаңасымен алмастырдық. Әрі қарай пәтер иелері кооперативі жауап береді. Орталық жүйеге қосу, өзге де мәселелер менің құзырыма жатпайды. Сондықтан жауап бере алмаймын.

Әсет Сембай, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Блогоустройство жасалмаған болса, егер келісім шартта көзделген болса, азаматтық кодекске сәйкес, сот тәртібімен шешіледі. Екінші момент, жобадан ауытқу болса, біздің басқармаға Кәсіпкерлік Кодекстің 114 бабына сәйкес тұрғындар арыз-шағым бере алады. Осындай заң талаптары бұзылып отыр деп көрсетіп, фактілермен бізге арыз-шағым берсе, біз соның негізінде жоспардан тыс тексерістер тағайындап, қараймыз.

Мұндағы 100-ден астам тұрғын жарнамадағы барлық уәдесі мен міндеттемелерді орындамаса, тиісті органдарға шағымданамыз дейді.