Қостанай облысында учаскелік полиция инспекторы төсек жапқыштарын бір-біріне байлап, төртінші қабаттағы балконнан жерге түспек болған зейнеткерді құтқарды. Бұл туралы Қостанай облысының полиция департаменті Facebook парақшасында хабарлады, деп жазды kaz.nur.kz.
Ведомство мәліметінше, Рудный қалалық полиция басқармасының "102" пультіне Қашар кентінде төртінші қабаттағы балконнан егде жастағы әйелдің төмен түсуге тырысып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Жерге түсу үшін зейнеткер төсек жапқыштарын бір-біріне байлап, арқан ретінде пайдаланған. Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторы Тілектес Аубакиров жетіп, дереу пәтерге көтерілген. Бірақ оның есігі жабық болғандықтан, ол көршілерінің пәтеріне яғни, жоғарыдағы қабатқа көтерілеп, зейнеткермен сөйлесе бастаған. Ол үйде жалғыз қалғанын, ұлы жұмысқа кетіп, есікті сыртынан жауып кеткенін айтқан. Сыртқа шыққысы келген әйел есікті аша алмаған соң балконға шығып, төсек жапқыштардың көмегімен жерге түскісі келген.
"Оны тыныштандыруға тырысып, туыстарына қоңырау шалдым. Біраз уақыттан кейін қосымша кілті бар жиені келіп, есікті ашты", - дейді учаскелік полиция қызметкері.
Көп ұзамай шұғыл істермен кетуге мәжбүр болған зейнеткердің ұлы да келген. Оның айтуынша, анасын мазаламау үшін есікті сыртынан жауып кеткен. Ер адам учаскелік полиция қызметкеріне уақытында көмек көрсеткені және оқыс оқиғаның алдын алғаны үшін алғысын білдірген.