Грекияның Родос аралында Ұлыбританиядан келген туристер мінген кемеден өрт шығып, ондаған турист өртене жаздады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Арханжелос қаласындағы Стенга жағажайынан 300 метр жерде болған. Саяхатшылар теңіздің таяздау тереңдігінде сүңгуге бармақ болған. Бірақ олар мінген ағаш кемеден кенеттен өрт шыққан.
Өрт кемені тез шарпығандықтан, кемедегі жолаушылар балаларымен бірге теңізге секірген.
Грекияның жағалау күзеті кеме өртеніп, суға батқанға дейін барлық туристердің құтқарылып, жағаға аман-есен жеткенін айтты. Олар автобуспен қонақүйлерге апарылды.
"Кейінірек полиция барлығына келіп, бізді куәлік ету үшін алып кетті. Бақытымызға орай, ешкім зардап шеккен жоқ. Алайда тоғыз жасар ұлым қатты қорықты", - деді турист Шон Уильямс.