$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Шымкент мұнай өңдеу зауыты қалыпты технологиялық жұмыс режиміне 13 шілдеде көшеді

AstanaTV
05.07.2023ж. 09:59
829
Шымкент мұнай өңдеу зауыты қалыпты технологиялық жұмыс режиміне 13 шілдеде көшеді

Бүгін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Шымкент мұнай өңдеу зауытында («ПҚОП» ЖШС) болып, жанар-жағармай материалдарын өндіру және жөнелту жұмыстарының барысымен танысты.

Қазіргі кезде «ПҚОП» ЖШС тәулігіне 3500-5000 тонна автобензин, 2 500 тонна дизель отынын, 1 000 тонна авиаотын, 600 тоннаға дейін сұйытылған газ жөнелтіп жатыр. Мұнайды бастапқы өңдеу қондырғысы мен мұнайды терең өңдеу кешені тәулігіне 10 500 тонна жүктемесімен жұмыс істеп тұр.

Бүгінгі таңда зауыттағы жанар-жағармай қорының көлемі: бензин 22 000 тонна, дизель отыны 30 800 тонна, авиакеросин 5 800 тонна, мазут– 11 600 тонна.

«ПҚОП» ЖШС президенті Ерболат Қожабаев 22 000 тонна автобензин қорының, сондай-ақ тәулігіне өндірілетін 2000-2500 тонна есебінен зауыттың жөндеу жұмыстары жүретін 11 күн ішінде тәулігіне 4000-4500 тонна автобензин жөнелтуге мүмкіндігі жететіні туралы баяндады.

«Зауыт қалыпты жұмыс кезінде орта есеппен тәулігіне 5000 тонна автобензин жөнелтіп тұрды. Қазіргі жөндеу жұмыстарына қарамастан, бұл көлем айтарлықтай өзгеріссіз қалды, жұмыс қалыпты жүріп жатыр деуге болады. Мәселен, бүгін кәсіпорыннан 7 000 тонна бензин жөнелтілді», - деді ол.

Сонымен қатар, зауыт басшысы ҚМГ Басқарма төрағасына катализаторды іске қосу және октан саны жоғары бензин компонентін өндіретін каталитикалық риформинг қондырғысындағы Т-251 жылу алмастырғышты жөндеу барысы туралы айтты. Жөндеу жұмыстарына жылу алмастырғышты жасап шығарған зауыттың мамандары жұмылдырылған.

Шымкент мұнай өңдеу зауыты мамандарының айтуынша, катализаторды іске қосу және жылу алмастырғышты жөндеу жұмыстары 11 шілдеде аяқталады. Ал, зауыт қалыпты технологиялық жұмыс режиміне 13 шілдеде шыға бастайды.

«ПҚОП» ЖШС басшылығымен инженерлік-техникалық қызметкерлермен жиналыс өткізген Мағзұм Мырзағалиев:

«Осында Атырау қаласынан келіп отырмын. Атырау мұнай өңдеу зауытында болдым. Жағдай бақылауда. Зауыт қондырғылары технологиялық режимге біртіндеп қосылуда. 6 шілдеге қарай зауыт толығымен қалыпты режимге шығады деп жоспарланып отыр. Мұнай өнімдері барлық мұнай өңдеу зауыттарынан жөнелтіліп жатыр. Еліміз бойынша АИ-92 мен дизель отының жеткілікті қоры бар, сондықтан Атырау зауытының қысқа уақытқа тоқтауы және Шымкент зауытындағы ішінара жөндеу жұмыстары ішкі нарыққа кері әсерін тигізбейді» - деді.