Шығыс Қазақстандағы Ұлан
ауданында "шаруа қожалығы" қылмыстық топ құрып мемлекеттік
бағдарламалардан 290 млн теңгенің несиесін ұрлаған. Қылмыстық құйтырқылықтарды
мемлекеттік кіріс департаментінің экономикалық тергеу бөлімі анықтады.
Әзірге
қылмыстық топтың үш мүшесі белгілі болды. Олар маскүнемдер мен үй-күйсіз жүрген
адамдардың атына асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатында миллиондарды
рәсімдеген. Ал қаңғыбас адамдарға жеке бас куәліктерін беріп, тиісті құжаттарға
қол қойғандары үшін 100 мың теңге сыйақы беріп отырған. Барлығы 30-ға жуық адам зардап шеккен. Қазір
олар іске куәгер ретінде тартылды. Мемлекеттік кірістер департаменті қылмыстық
әрекеттерге аудандық әкімдіктің және жұмыспен қамту орталығының лауазымды
тұлғаларының да қатысы болуы мүмкіндігін айтты. Берілген қаржының бір теңгесі
де мал алуға жұмсалмағаны дәлелденді. Енді қылмыстық топтың алаяқтық әрекеттері
дәлелденсе, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленуі мүмкін.
Лейла Ысқақова, ШҚО мемлекеттік
кірістер комитетінің аға тергеушісі:
Тергеу
барысында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің 2012 жылғы сәуір мен 2015 жылғы
маусым аралығында Ертіс әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы және Ауыл
шаруашылығын қаржылай қолдау қоры Шығыс Қазақстан филиалы арқылы, «Еңбекпен
қамту - 2020», «Кәсіпкер», инновациялық жобалар сияқты мемлекеттік бағдарламалар
арқылы бөлінген бюджет қаражаттарын ұрлағандары анықталды.