$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Дәулет Тұрлыхановтың әскерден қашып кеткен ұлы 15 күнге қамауға алынды

AstanaTV
05.07.2023ж. 14:59
899
Дәулет Тұрлыхановтың әскерден қашып кеткен ұлы 15 күнге қамауға алынды

Жақында әскери бөлімнен қашып кеткен қатардағы сарбаз Нұрасыл Болат басшылық бұйрығына бағынбағаны және орындамағаны үшін 15 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әкімшілік құқық бұзушылық жасаған қатардағы Б.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды.

“Оған әскери бөлім бастығының белгіленген тәртіппен берілген бұйрығын орындаудан ашық бас тартты деген айып тағылды. Сот анықтағандай, 2 шілдеде әскери бөлімнің қатардағы сарбазы Б. Алматы гарнизоны гауптвахтасынан шыққаннан кейін командирдің бұйрығына сәйкес өзінің әскери бөліміне өтбаруға міндеттелді", - деп хабарлады Алматы сотының баспасөз қызметі.

Сот мәліметінше, сарбаз лейтенант А. жеткізген бөлімше командирінің бұйрығын орындаудан ашық түрде бас тартып, Әскери полиция басқармасының ғимаратына келген автокөлікпен белгісіз бағытқа кетіп қалған.

"Сот отырысында Б. іс материалдарында көрсетілген мән-жайларды растады. Сот қаулысымен қатардағы Б. ӘҚБтК-нің 652-бабының 6-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жазаға тартылды. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ", - делінген хабарламада.

Еске салсақ, адвокаттарды соққыға жығып, шу көтерген Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат әскери бөлімнен де қашып кеткен еді.

Бұған дейін Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов осы жағдайға байланысты "тәрбиеден кеткен олқылық" деп пікір білдірген еді.

Сондай-ақ депутат Дәулет Тұрлыханов соңғы кезде ұлына қатысты ақпарат кеңістігінде тарап жатқан хабарларға байланысты үндеу жариялаған.