$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Жаңа мектептер қандай болуы керек? Премьер-министр жауабы

AstanaTV
08.07.2023ж. 17:16
740
Жаңа мектептер қандай болуы керек? Премьер-министр жауабы

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабта қолайлы оқу жағдайлары бар 1,5 миллион оқушы орнын ашу мәселесі қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz. 

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың баяндауынша, 2020-2022 жылдары республикада түрлі қаржыландыру көздері есебінен 340 мың оқушыға арналған 626 мектеп пайдалануға берілген.

Биыл 130 мың балаға арналған тағы 146 мектеп ашу жоспарланып отыр, оның 62-сі сыбайлас жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен салынбақ.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын іске асыру басталды, оның аясында 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыны қамтитын жаңа форматтағы 369 мектеп салынбақ.

Бұл оқушы саны тым көп сыныптар, апаттық мектептер және үш ауысыммен оқыту мәселесін түпкілікті шешуге мүмкіндік береді деп күтіледі.

Премьер-министр ұлттық жобаны іске асыру аясында мердігерлік ұйымдар мен жер учаскелерін анықтау, сондай-ақ, қажет жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау жөніндегі жұмысты жеделдету қажетін атап өтті.

"Жер учаскелерінің дайындығы бойынша құрылыс жұмыстарын дереу аяқтау қажет. Бұл инфрақұрылым, жолдар және абаттандыру жұмыстарын жүргізуге қатысты. Әр өңір бойынша тиіс жол карталары дайын, осы мәселелердің барлығын жедел шешу қажет", - деді Әлихан Смайылов.

Әлихан Смайылов сапалы интернетсіз жайлы мектептер өз атауына сай болмайтынын баса айтты.

"Тапсыру кезінде жаңа мектептер сапалы интернет байланысына қосылуға тиіс", - деді премьер-министр.

Жайлы мектептерде еңбек ететін білікті мұғалімдерді даярлау туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндады. Оның айтуынша, алдағы жылдары жақсартылған стандарттар бойынша жаңа формациядағы 49 мың педагог даярлау жоспарланып отыр.

Үкімет басшысы жаңа білім ордалары тек жарақтандыру бойынша ғана емес, сондай-ақ білім сапасы бойынша да мықты болуға тиіс екенін атап өтті.

"Жайлы мектептерге қойылатын талаптар мен азаматтардың оларға қатысты үміті көп, сондықтан онда сапалы кадрларды жұмысқа алу мәселесіне барынша назар аудару қажет. Себебі мектеп дегеніміз - жай ғана ғимарат емес, ең алдымен, балаларды білімге жетелейтін мұғалім", - деді Әлихан Смайылов.

Оқу-ағарту министрлігіне ұлттық жобаның іске асырылу барысына күнделікті бақылау жүргізу, проблемалық мәселелерді және оларды шешу жолдарын көрсете отырып, атқарылып жатқан жұмыс туралы Үкіметке ай сайын хабарлап отыру тапсырылды.