$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақтөбеде төрт айлық сәбиге күн өтіп, ауруханаға жеткізілді

AstanaTV
12.07.2023ж. 12:00
878
Ақтөбеде төрт айлық сәбиге күн өтіп, ауруханаға жеткізілді

Ақтөбе облысында төрт айлық сәбиге аптап ыстықта күн өтіп, ауруханаға жеткізілді. Бүлдіршін анасымен бірге 41 градус ыстықта күн астында бір сағаттай уақыт жүріп қалған. Бұл туралы облыстық жедел жәрдем ауруханасының мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысында соңғы күндері ауа температурасы 41 градус ыстықты көрсетіп тұр. Жедел жәрдем қызметінен төрт күнде күн өткен 10 адам көмек сұраған. Оның үшеуі ересек болса, қалғаны балалар.

"6 шілдеден бастап қазіргі уақытқа дейін 10 адам күн өтіп, жедел жәрдем көмегіне жүгінді. Ыстық өткен жеті баланың екеуі ауруханаға жеткізілді. Дәрігердің тексеруінен кейін балалар үйіне жіберілді. Төрт айлық сәби бір сағаттай анасымен далада жүріп қалған. Әлсіз болған соң ол аураханаға жеткізілді. Аса ауыр жағдай тіркелмеді", - дейді Жедел жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлжанат Кушетова.

Жедел жәрдем қызметі мамандарының айтуынша, облыста күніне мыңнан аса адам 103 қызметіне жүгінеді. Бұған дейін күніне 900 қоңырау түсіп келген. Көбі қан қысымының көтерілуіне қатысты шағыммен, үлкендер ғана емес, 25-30-ға келген жастар да көмек сұрайды. Осы орайда дәрігерлер аптап ыстықта далаға көп шықпауға кеңес берді.

"Шыққан кезде бас киім, жеңі ұзын мақта матадан тігілген киім киген жөн. Су көп ішсе дұрыс болады. Бәрі термен шығады", - дейді Гүлжанат Кушетова.