$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Астанада еңбек қауіпсіздігі талабы сақталмаған нысандардағы құрылыс жұмысы тоқтатылды

AstanaTV
12.07.2023ж. 13:06
926
Астанада еңбек қауіпсіздігі талабы сақталмаған нысандардағы құрылыс жұмысы тоқтатылды

Елордада еңбек қауіпсіздігіне немқұрайды қараған 4 құрылыс объектісіндегі құрылыс-монтаждау жұмыстары тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда елордада 299 алаңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте жекелеген құрылыс компаниялары қауіпсіздік техникасы саласында олқылықтарға жол береді. Құрылыстағы өндірістік жарақаттанудың негізгі себебі - объектілерде жұмыс өндірісінің жоғары қарқыны және еңбекті қорғау мен қауіпсіздік техникасына қаражаттың жеткіліксіз бөлінуі болып табылады. Талдау көрсеткендей, еңбекті қорғау жөніндегі қызметкерлерді даярлауды ұйымдастыру мен жүргізудегі кемшіліктер мыналар болып табылады: уақытша қорғаныс қоршауларының, ұстағыштардың болмауы, төбе плиталардың шетіне құрылыс материалдарын жинау, қызметкерлерді жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етпеу» - деді Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Ысмағұлов коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Спикер еңбек қауіпсіздігіне қатысты осындай кемшіліктер ауыр зардаптарға әкеп соғатынын атап өтті.

«Бүгінгі күні еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау техникасын бұзғаны үшін мемлекеттік еңбек инспекторлары материалдарды сотқа бере отырып, 4 құрылыс объектісінде құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтатты. Профилактика шеңберінде еңбек инспекторлары кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді», - деп мәлім етті Ерлан Ысмағұлов.