Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Қызылорда облысында 106 елдімекенде қырым қанды безгегінің қаупі жоғары

AstanaTV
12.07.2023ж. 13:57
663
Қызылорда облысында 106 елдімекенде қырым қанды безгегінің қаупі жоғары

Қызылорда облысында қырым қанды безгегінің қаупі жоғары 106 елді мекен анықталды. Әсіресе, Шиелі ауданында ауру ошақтары көбейген. Бір аптада ауданда екі тұрғын кене шағып қайтыс болды. Малмен жан бағып отырған ауыл жұрты зиянкестерге қарсы дәрменсіз күйде. Ал мамандар күзде ғана залалсыздандыру жұмыстарын жүргізбек. 

Қазақстан Телеарнасы тілшісінің ақпаратынша, ауру тасымалдағыш кенелер мал жайылатын тоғайлар мен суаттарда көбейген. Ауыл тұрғындары осы төрт-түлік арқылы улы зиянкестер ауылға келеді дейді. Ал жайылымдық жерлер дизенфекциядан өтпейді.

Соңғы қайғылы жағдай Нартай Бекежанов елді мекенінде тіркелді. Кененің кесірінен 32 жастағы жігіт қайтыс болды. Қазір мұнда тұрғындар мал жайғауға қорқып қалған. Өйткені, әр өрістен келген сайын төрт-түліктің үсті қансорғыш жәндікке толы келеді.

"Малдың шабы, қолтығы әсіресе төлдерге жабысып қалады. Оны улай алмайсың. Одан уланып өліп қалады төл. Үлкен малға қашанғы дәрілейсің,-дейді ауыл  тұрғыны Қойбағар Сейітжанұлы.

Тағы бір мәселе. Кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу жеке кәсіпкерлердің құзыретіне берілген. Бірақ, тендерге түскен дизенфекцияның нәтижесі көңіл көншітпей тұр. Базарбек Сақып ветеринария саласының ардагері. Ол халық өміріне қауіп төндіретін зиянкестермен күресті кәсіпкер емес осы салаға жауапты мемлекеттік мекемелер жүргізуі тиіс дейді.

"Облыстан жылына пәленбай миллиондаған қаржылар бөлінеді. Бұның барлығының ешқандай тиімділігі жоқ. Себебі ол, ұтып алған адам бір рет шашты ма болды, екі рет шашты ма болды. Қолына актсын алады да кетеді. Ал оған жауап беретін мекеме болу керек. Медицина өз бетімен жүр. Санэпидстанция өз бетімен жүр. Ветеринария өз бетімен жүр. Кене өз бетімен кетіп қалды",-дейді ветеринария саласының ардагері Базарбек Сақып. 

Жалпы облыста Конго-Қырым ауруының таралу қаупі жоғары 106 ауыл бар. Шиелі ауданында 22 ауылдық округтің 17-сі соның тізіміне енген. Бірақ, ауылы аралас, қойы қоралас елді мекендердің көбіне жайлауы бір. Сондықтан, аудан әкімдігі залалсыздандыру бойынша өзгерістер енгізуді ұсынып отыр.

"Дәрілеу жұмыстарын келесі жылдан бастап осы шілде, тамыз айларына күзді күтіп отырмай шілде тамыз айларында жасауға ұсыныс жасап жатырмыз",-дейді аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Әпетов.

Кенемен күресте әзірге дәрменсіздік байқалады. Жыл басынан бері 700-ден астам адам зиянкестерден зардап шегіп, дәрігерлерге жүгінген. Бұл өткен жылғы статистикамен салыстырғанда 100-есе көп.